«Ойыншық» сабындар
Көкшетау қаласында тұратын Елена Самсонова сан алуан хош иісті сабынды 10 жылдан бері жасайды екен. Негізгі мамандығы – психолог. Алайда, мақсат еткен ісінен мұрат табатынына көзі жеткен соң осы кәсіпке көңілі құлаған.
– Бәрі бала күтіміне орай демалысқа шыққан сәтімнен басталды,– дейді Елена Самсонова. – Әуелі сабын дайындау тәсілдерін ғаламтордан іздеп таптым. Бірден көңілім ауған соң, індете зерттедім.
Жаңа кәсіп қызықты болып көрінген. Қолы жаттыға келе иіс сабындарды әртүрлі етіп қалыптап, қилы пішінде жасайтын болды. Жасаған затыңның сыртқы кейпі де жұтынып тұруы керек қой.
– Түрлі-түсті бояу, иістендіргіш қажет, – дейді шебер. – Сапасы да жаман емес, ешбір химия жоқ. Негізгі шикізатын Ресейден алдырамын.
Сөреде тұрған сабындар сабын емес, сан алуан ойыншық тәрізді. Мына біреуі қорбиған қонжық, сүп-сүйкімді күшік, тіпті жеміс-жидектер бейнесіндегілері де толып жатыр.
– Елена бұл төңіректегі қолдан сабын жасайтындардың тұңғышы, – дейді «Палитра Синегорья» бірлестігінің жетекшісі Елена Андроняк. – Өзімнің де кішкентайым бар. Балаларды ойыншық сабынмен жуындыру сондай оңай, олар үшін бұл қызық. Тіпті үлкендердің өзін еліктіреді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/