«Ойнайтын жер жоқ»: Өскемендік бала әкімге видеоүндеу жолдады (видео) — Қазақстан жаңалықтары
Өскемендік бала қала әкімі Жақсылық Омарға видеоүндеу жолдады. Ол үйінің ауласындағы балалар алаңқайын жөндеп беруді сұрады.
Бұл туралы Altaynews.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Видеода ұл бала үйінің ауласындағы балалар алаңқайын көрсеткен. Кадрлардан байқалғандай, балалар алаңқайы нашар күйде. Ол жерде көптен бері жөндеу жүргізілмегені байқалады.
«Осындай қорқынышты аула. Балаларға ойнайтын жер жоқ. Сырғанайтын төбешік тат басып, сырылып қалған. Онымен сырғанау мүмкін емес. Бұл жерде жақсылап жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Неліктен ешкім жөндемейді?» — дейді бала.
Өскемен әкімдігіндегілер баланың видеоүндеуіне назар аударған. Олар қазіргі уақытта өңірде облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен «Менің аулам» науқаны жүргізіліп жатқанын айтты.
«Облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен «Менің аулам» акциясы жүргізіліп жатыр қазір. Сол арқылы аулалар жөнделеді. Оған қатысу үшін тұрғындар «КСК-ға» барып, арыз беруге тиіс. Өздерінің ауызбіршілігіне байланысты», — дейді әкімдіктегілер.
stan.kz