Офицер баламды өлтірмеуі керек еді – қаза болған француздық жасөспірімнің анасы
17 жастағы Наелді атып өлтіріп, сол арқылы бүкіл Францияда тәртіпсіздік туғызған полицейге кісі өлтірді деген айып тағылды.
Наелді атқан полиция қызметкері қамауда отырып, оның отбасынан кешірім сұрады.
Жол қозғалысын тексеру кезінде полициядан қашпақ болған 17 жастағы М. Наелге оқ атылған.
Наелдің анасы Муния France 5 арнасына берген сұхбатында бүкіл полиция қызметкерлерін емес, ұлына оқ атқан офицерді ғана айыптайтынын айтты.
«Мен полицияны кінәламаймын. Тек аталған офицер баламды өлтірмеуі керек еді»,- деді Муния.
Интернет желісінде жарияланған видеода Муния 17 жастағы Наель жалғыз баласы екенін айтқан.
Наелдің қазасы француз жұртшылығының наразылығын тудырды. Францияда тәртіпсіздік пен полиция қызметкерлеріне қарсы қақтығыстар үш күнге жалғасты.
Үшінші күні ереуілшілер Лилль мен Марсель қалаларында қамауға алынды.
Жасөспірім қайтыс болған Нантер қаласында жергілікті банк орналасқан ғимараттың бірінші қабатында үлкен өрт шықты.
Париж және оның маңында автобустар мен трамвайлар жергілікті уақыт бойынша сағат 21:00-де жұмысын тоқтатты.
Кейбір қала маңындағы аудандарда түнде коменданттық сағат жарияланды. Лилль және Тур қалаларында да көлік қатынасы үзілді.
Франция бойынша тәртіп сақтау үшін 40 мыңға жуық полицей жұмылдырылды.
Ішкі істер министрлігі қазір ел бойынша кем дегенде 421 адамның қамауға алынғанын хабарлады.
Le Figaro басылымының мәліметінше, оның 242-сі Үлкен Париж аймағында ұсталған.
Ұсталғандардың көбі — 14 пен 18 аралығындағы жасөспірімдер.
Нантер — Франциядағы қала, Париждің шетіндегі ең үлкен қалалардың бірі, Франция астанасының орталығынан 11 шақырым жерде орналасқан.
Қала тұрғындарының саны — 90 мыңға жуық.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Нантер қаласында полиция қызметкері қару қолданып, салдарынан 17 жастағы бозбала қаза тапқанын жазған едік.
Бұл оқиға жергілікті жастар мен полицейлер арасында қақтығыс туғызды.
Наразылық шеруі өтіп жатқан Франция қалаларына тәртіп орнату үшін 40 мың полицей жөнелтілетіні хабарланды.
Жасөспірім өлімінен кейінгі ереуілде ұсталғандар саны 421 болды.