облыстық басқарма басшысы қызметінен кетті

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Атырау облысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетіп, әкімнің орынбасарына қатаң сөгіс берілді

НҰР-СҰЛТАН, 18 қазан – Sputnik. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кетті. Осыған байланысты әкімдік түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударып келеді, жыл сайын дәрігерлердің қажеттіліктеріне қаражат бөлініп, қаржыландыру мөлшері артып отыр, перзентханалар мен ауруханалардың, медициналық ұйымдардың жұмыстарына толық қолдау көрсетілуде», — делінген ресми хабарламада.

Денсаулық сақтау басқармасы барлық норманы талапқа сәйкестендіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Әкімдіктің мәліметінше, барлық кінәліге шара қолданылады. Мәселен, денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс берілген.

Қылмыстық іс қалай қозғалды?

4 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шұғыл брифинг өткізіп, Атырау облыстық перинаталдық орталығында болған жағдайдың мән-жайын жариялады.

Агенттік төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдоланың сөзіне қарағанда, перзентханада туған сәби тірі болған. Алайда дәрігерлердің салғырттығынан құжатта өлі деп жазылып кеткен. Олар қатені түзетпеу үшін шақалақты тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.

Тағы оқыңыз: «Бәрі жылап жүр». Сәби өлімінен кейін перзентхана дәрігерлері арыз жазды

Бұл жағдай Атырау облыстық перинаталды орталығының жетекшісіне қатысты басқа істі тексеру кезінде анықталған. Бұған дейін медициналық мекеменің басшысы жемқорлыққа байланысты ұсталғаны хабарланған болатын.

Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 317-бабына сәйкес қозғалды. Бұдан кейін 99-бапқа («Қасақана адам өлтіру») өзгертілді. Кінәсі дәлелденсе, орталық жетекшісі 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұжымның жартысы жұмыстан кетпекші

Ал өткен аптада перзентхананың 31 қызметкері өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазды. Облыстық әкімдіктің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаевтың айтуынша, бүгінде перзентхана қызметкерлерін бәрі кінәлап жатыр. Олар осы психологиялық қысымға шыдамай, өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазған.

«Облыстық перзентханада 62 адам жұмыс істейді. Қазіргі кезде 31 қызметкер жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Өйткені қоғам тарапынан қысым жасалуда, әлеуметтік желілерде оларды кінәлап жатыр. Бәрі жылап жүр, көңіл-күйі жоқ. Тергеу әлі аяқталған жоқ қой. Соған қарамастан, бәрі дәрігерлерді кінәлауда. Мамандар есеңгіреп қалды. Содан барып, кетуге арыз жазған», — деді Ерментаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, 31 қызметкердің бәрі – мықты мамандар. Олар кетуге арыз жазса да, әзірше жұмыстарын атқарып жүр. Денсаулық сақтау министрлігі, басқарма мен кәсіподақ мүшелері олармен сөйлесіп, жұмыста қалдыруға тырысып жатыр.

Атырау облысында бала өлімі көбейген

Қазақстан президенті әкімшілігі Атырау облысында сәби өлім-жітімін азайтуға байланысты тапсырма берді. Қазір денсаулық сақтау вице-министрі, тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы бастаған комиссия Атырауда жүр.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірге медицина университеттері ғылыми орталықтарының жетекші мамандары жіберілетінін айтты. Жан-жақты, толық талдау жүргізіледі. Өйткені Атырау облысында тамыз айында нәресте өлім-жітімі артқан.

Министр Қазақстанда жылына 2,5 мыңға жуық сәби шетінейді деген ақпарат таратты. Жыл басынан бері 2200 нәресте шетінеген. Өлім-жітім ең көп Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында тіркелген.



sputniknews.kz