Нығматулин жұмысына жаңадан кіріскен Әлімжановқа ескерту жасады
Қысқа сілтеме алу
Мәжіліс төрағасы әртісті депутаттар қатарына қосылуымен құттықтаған болатын. Нұрлан Әлімжанов орнынан тұрған жоқ
НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Парламент мәжілісінің жаңадан тағайындалған депутаты Нұрлан Әлімжанов ант берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат орнынан тұрмады
Пленарлық отырыстың басында спикер Нұрлан Нығматулин әртісті депутаттардың қатарына қосылуымен құттықтады. Бірақ Әлімжанов орнынан тұрған жоқ. Мәжіліс төрағасы әртіске ескерту жасады.
«Қайда Нұрлан? Тұру керек. Ал біз саған қол шапалақтаймыз. Отыр», — деді Нығматулин.
Осыдан кейін Нұрлан Әлімжанов ант берді. Ал бұған дейін ант берген депутат Гүлшара Әбдіқалықова оны әлеуметтік даму комитетінің құрамына қабылдауға өтініш жасады. Депутатар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Әлімжанов ант беруге келмеді
4 қыркүйек күні мәжіліске жаңадан келген үш депутат — Гүлшара Әбдіқалықова, Нұржан Әшімбетов және Жұлдыз Омарбекова ант берген болатын. Сол кезде белгілі актер Нұрлан Әлімжанов келген жоқ.
Танымал актер әрі әнші, «Елбасы жолы» киноэпопеясында Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған Нұрлан Әлімжанов жақында депутат мандатын алған еді. Алайда ол мәжілістің жаңа сессиясының алғашқы отырысына қатысқан жоқ. Оның себебін білу үшін өзіне хабарласқанымызда бір аптадан соң жауап бере алатынын айтқан болатын.
Сол күні Гүлшара Әбдіқалықова мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін комитетті Гүлнар Иксанова басқарған еді. Ол отставкаға кету туралы өтінішіне байланысты мәжілістен кетті.
Ал Нұржан Әшімбетов аграрлық мәселелер комитетіне, Жұлдыз Омарбекова заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланды.
Жаңа депутаттар туралы не білеміз?
Гүлшара Әбдіқалықова 1965 жылы 15 мамырда туған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды. Қазақстанның оныншы мемлекеттік хатшысы болды. 2019 жылдың 25 ақпанында премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Тағы оқыңыз: Мәжілістің жаңа депутаты Нұрлан Әлімжанов ант беруге келген жоқ
Нұржан Әшімбетов 1969 жылы 26 маусымда туған. Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі.
Жұлдыз Омарбекова 1983 жылы 24 қыркүйекте дүниеге келді. Қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарды, Қазақстан президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болды. Белгілі қазақстандық филантроп, журналист, «Бауыржан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті.
sputniknews.kz