Нығматулин екінші деңгейлі банктерге салынатын айыппұлды көтеруді талап етті
Мәжілісте қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері туралы заң жобасы қаралды
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа екінші деңгейлі банктерге салынатын айыппұл сомасын көбейтуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері туралы заң жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында төменгі палата депутаты Аманжан Жамалов екінші деңгейлі банктерге салынатын айыппұл мөлшері туралы сұрады. Депутаттың айтуынша, заң жобасына сәйкес, валюта заңнамасын екінші қайтара бұзған банктерге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Биыл 1 АЕК 2 525 теңге екенін ескерсек, айыппұл сомасы 37 875 теңгеге тең.
Тағы оқыңыз: «Бос сөзді қойыңдар» Нығматулин вице-министрге шүйлікті
«Банктерге арналған айыппұлдың осы мөлшері қалай есептеліп отыр? Өйткені әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бізде қаржы ұйымдарына банк заңнамасының талаптарын орындамағаны үшін 50-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал валюта заңнамасын орындау банк заңнамасын орындаудың бір бөлігі емес пе», — деді Жамалов.
Досаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, валюта заңнамасын бұзғаны үшін банктерге онсыз да 15 АЕК айыппұл салынып келеді. Енді, қаралып отырған заң жобасына сәйкес, егер қандай да бір банк заңды екінші рет бұзса, онда оған тағы да 15 АЕК деңгейінде айыппұл салу көзделіп отыр.
«Бұл жаңа норма емес, ол ұлғаймайды. Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен кеңескеннен кейін, 15 АЕК – әкімшілік айыппұлдың қолайлы мөлшері деп санаймыз», — деді ұлттық банк төрағасы.
Алайда мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин банктер үшін 15 АЕК тым аз деп есептейді.
«Екінші деңгейлі банк үшін 15 АЕК деген не? 38 мың теңге банк үшін ақша ма? Былай қарасаң, 50 АЕК те соншалық көп емес. Оның үстіне бұл жерде банк заңнамасын екінші рет бұзу жайы айтылып отыр. Бұл тым аз», -деп ашуланды ол.
Тағы оқыңыз: Ұлттық банк Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілуі мүмкін
Төменгі палата төрағасы Ерболат Досаевтан айыппұл сомасын ұлғайту қажеттігін айтты.
«Ерболат Асқарбекұлы, ұялмаңыздар. Екінші оқылымға дейін заңнама талаптарын екінші қайтара бұзған банктер үшін ойға қонымды айыппұл мөлшерін енгізіңіздер. Менің ойымша,бұл объективті болады. Келістік пе?», — деп сұрады ол.
Досаев мәселені пысықтауға уәде берді.
sputniknews.kz