Нығматулин Атамқұловтың алқымынан алды
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа шүйлікті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Арман Қожахметов министрден өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету жайлы сұрады.
«Қаралып отырған заң жобасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ережелерін бекіту құзыретін береді. Бірақ заң жобасында мұндай ережелер туралы, басқа да нормалар туралы бір ауыз сөз жоқ. Осыған байланысты өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету үшін ережелерде қандай критерийлер енгізіледі? Осыны түсіндіріп беріңізші», — деді мәжілісмен.
Қожахметовтің ойынша, мұндай талаптар мен қағидалар заң жобасында көрініс табуы керек.
Министр Бейбіт Атамқұлов бұл норма отандық кәсіпкерлер өтінішімен енгізілгенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, біздің қазақстандық өндірушілерге шикізат тиімсіз белгілі бір формула бойынша беріліп келді… Осылайша Қазақстанда өндірілген өнім импортталған өніммен бәсекелесе алмайтын. Бизнес көп ақша құйып, өз инвестициясы қайтатынына сенді. Бұл мәселе бойынша көптеген жұмыс тобы құрылды. Бізде екі принцип бар: кәсіпорынды металмен толығымен қамтамасыз ету, екіншісі, баға саясаты. Өз кезегінде біз өндірушілерден қарсы міндеттемелер аламыз», — деп жауап беріп жатқан Атамқұловтың сөзін Нығматулин бөлді.
«Бейбіт Бәкірұлы, сіздің қойылған сұраққа жауап бермей, өзіңіз аз-маз білетін тақырыпта сөйлей беретін таңғаларлық қасиетіңіз бар», — деді мәжіліс төрағасы.
Нығматулин әріптесінің басқа сұрақ қойғанын айтып, өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету қағидалары мен ережелері заң жобасында жазылуы керек екенін атап өтті.
«Толығымен келісемін, — деп күлді Атамқұлов. Шынымен де бұл жерде ертең адами фактор рөл ойнауы мүмкін», — деді министр.
Мәжіліс спикері мұны құптап, болашақта шенеуніктер кәсіпорындарға қысым көрсетпеу үшін критерийлер мен принциптерді бекіту қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ Нығматулин «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының да пікірі қажет екенін айтты.
Мәжіліс «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.