Нұржан Керменбаев: Карантиннің де пайдасы бар – Қазақстан жаңалықтары

0
59

Жуырда ғана қазақтың қара баласы Нұржан Керменбаев үшінші дүркін әке атанды. Сүйіктісі Назерке Керменбаевтар әулетіне қос ұлдан кейін сүйкімді қыз сыйлады. Әнші алғаш болып stan.kz тілшісіне экслюзив сұхбат беріп, ішкі сезімдерімен бөлісті.

Жалғыз да орындай аламын: Нұржан Керменбаев

Нұржан, кішкентай ханшайымның бауы берік болсын. Есімі кім? Салмағы мен бойын білесіз бе?

Қызымыздың бойы 50 сантиметрден, салмағы 3 келіден асады. Есімін Тасмин деп қойдық. Медина мен Тасмин деген есімді әжесіне ұсындық. Әжесі Медина деген есімдер жиі қойылады деп, Тасмин ерекше және көп кездеспейді деп ерекше ұнатып, таңдады. Тасмин-Жәннаттағы бұлақтың атауы. Сондай таза, иманды, адал болсын деген ниетіміз бар. Сол бағытта балаларымызды тәрбиелеуге тырысамыз.

Қос ұлдан кейін тәтті қыздың әкесі атану қандай сезім екен?

Сөзбен айта алмаймын. Нәзік, тәтті болады екен. Қыздары бар достарым: «ертең қылықтары шыққан тіпті тәтті болады» деп қызықтырып қояды. Ұл болса да, қыз болса да бастысы әр балапандарымыз аман болсын.

Босану кезінде ер адамның серіктес (партнер) болып кіруі сәнге айналған. Өзіңіз жарыңыздың қасына кіріп көрдіңіз бе? Қолдайсыз ба?

Жоқ, мен ешқашан партнер болып кірген емеспін. Және қолдамаймын. Әрине,  әр адамның өз таңдауы бар ғой.  Бірақ, мен үшін біртүрлі және ерсі сияқты. Жалпы, ол әйел адамдардың әлемі ғой. Әркім бұл өмірдегі  өз миссиясын,  міндетін жақсы білу керек және атқару керек деп ойлаймын. Мысалы, мен келіншегімді еркектердің ісіне араластырмаймын. Сол сияқты әйелдерге ғана тиісілі дүниеге араласқым келмейді. Ал, егер бір азаматтар партнер ретінде кіріп жатса, ол өздерінің таңдауы.

Перзентханадан шығару рәсімі қалай өтті? Әдеттегідей дүркіретіп өткізу бұйырмаған шығар?

Перзентханадан шығару рәсімі Аллаға шүкір жақсы өтті. Әрине, карантин болғасын көп достарымыз келе алмады. Бірақ, әлеуметтік желі,  телефон арқылы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Өзім де көп адамды шақырмадым. «Келеміз» деп хабарласқан жандарға «карантин. Есік жабық»  деп қалай айтамын. 15 шақты ағайын-туыс, достарымызбен шығарып алдық. Өзіміз үшін фотосессия жасап, үйімізге кішкентай ханшайымызды аман-есен алып келдік.

Ал, қызыңызға кіндік әке-шеше таңдадыңыз ба?

Әзірге кіндік әке-шешесін таңдамадық.

Өзіңіз кіндік әке-шеше атанып көрдіңіз бе? Және жауапкершілігі мен міндеттері қандай деп ойлайсыз?

Иә,  екі досымның балаларына кіндік әке-шешесі атандық. Негізі жауапкершілігі көп дүниеге ғой. Алайда, ол миссиямды дұрыс атқарып жатқан жоқ сияқтымын. Өнер қырандарындағы Сырымбеттің  Мұхаммед деген ұлы бар. Сол батырдың Назерке екеумізге кіндік әке-шешесі атану бұйырған екен. Және Рысбек Аташ бір қызына бізді кіндік ата-анасы ретінде таңдады.

Әлемді дүрліктірген коронавирус сіздің өнеріңізге, өміріңізге қаншалықты әсер етуде?

Жұмысымызға, кәсібімізге, өнерімізге өз кесірін тигізуде. Әрине, алға қойған жоспар-мақсаттарымыз іске аспай қалды. Алла қаласа кейін болады деген үміттеміз. Бір жағынан жақсы болды деп ойлаймын. Карантиннің де бір пайдасы бар. Бәріміз отбасымызға көңіл бөлудеміз. Одан бөлек клуб, бар секілді харам жерлер жабылды. Кішкене болса да адамдарға жамандықтан тыйылуға мүмкіндік берілген сияқты. Алладан көбірек дұға етейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сақтық шараларын қолданып жүрейік. Негізі мұсылман адам әрдайым тазалықты сақтанып жүреді ғой. Бес уақыт дәрет алып жүреміз ғой.

stan.kz