Нұрсұлтандықтар мейрамды қалай тойлап жатыр?
Табиғаттың жаңару мерекесін қарсы алуға келгендер арасында министрлер, театр әртістері, әкімдік қызметкерлері де бар
АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін биылғы Наурыздың орны бөлек. Себебі бүгін олар Ұлыстың ұлы күнін Астанада емес, Нұр-Сұлтанда қарсы алып жатыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елорда төріндегі этноауыл жылдағы дәстүрмен халыққа лық толды. Ақшаңқан киіз үйлер, мың бұрала билеген бұрымды қыздар мен күресіп, күш сынасқан жігіттер, асық ойнаған балалар, жастарға батасын беріп жүрген қариялар… Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін көтеріңкі көңіл-күйде жүр.
Табиғаттың жаңару мерекесін қарсы алуға келгендер арасында министрлер, театр әртістері, әкімдік қызметкерлері де бар. Бәрі де қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, ыстық лебізін білдіріп жатыр.
Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Наурыз мейрамының маңызы ерекше екенін атап өтіп, өзі ренжіткен жандардан кешірім сұрады.
«Наурыз – бұл жаңару мейрамы. Елде айтулы оқиғалар болып жатыр. Елбасы бастаған стратегия әрі қарай жалғасын табады. Егер үйде немесе жұмыста біреуді ренжіткен болсам, кешірім сұраймын. Жұмыста кей кезде қатал болатыным рас», — деді ол.
Ұлыстың ұлы күнімен президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева да құттықтады.
«Биыл Наурыз мейрамы ерекше. Бүгін де ауа райы мейірін төгіп, жақсы қарсы алып жатыр. Сондықтан халық көтеріңкі көңіл күйде», — деді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Осы орайда Балаева Астананың Нұр-Сұлтан деп өзгеруін қолдайтынын жеткізді.
«Кезінде осы астананы Алматыдан көшіргенде де халық сенбеп еді. Қазір міне осы қалада тұрып, балаларын өсіріп, барлығы осы қалаға келуді армандайды. Астананың іргетасын қалауда Елбасының сіңірген еңбегі зор. Халқына деген махаббатымен, ыстық ықыласымен, ел Астанасымен мақтансын деп жасаған еңбегі. Сондықтан, менің ойымша бұл заңдылық», — деді ол.
Балаева достық пен татулықтың мерекесінде өзі ренжіткен адамдардан кешірім сұрады.
«Адам болғаннан кейін реніш болып тұрады. Бірақ ең бастысы бір-бірімізге кек сақтамаймыз. Менің ойымша, Наурыздың философиясы бір-бірімізге жаңа көзбен, жаңа көңілмен қарап, реніштің барлығын артқа қалдырып, əрқашанда бір-бірімізге мейірім сыйлауда жатыр. Әр адам кешірімшіл болуы керек, сондықтан мен де ренжіткен адамдарды кешіремін», — деді бөлім меңгерушісі.
22 наурыз мейрамымен еңбек және халықты қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та құттықтады.
«Мерекемен құттықтаймын! Ең бастысы, елімізде тыныштық болсын! Барлық отбасыға басқыт тілеймін», — деді министр.
Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов та игі тілегін жеткізіп, елорданың жаңа атауын қалай қабылдағанын айтты.
«Барша қазақ елін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Жаңа мейрам бізге тек табыс әкелсін. Елде үлкен өзгерістер болып жатыр, бірақ қалай болғанда да, халық бірігіп, жаңа президентті қолдап, Елбасымызды ешқашан ұмытпай, осы Наурыз мерекесін тойласа, одан артық ештеңе болмайды. Өз басым астананың атауын өзгертуді қолдаймын. Бұл Елбасының бастаған бастамасы, ол кісінің еңбегі зор. Бүгінгі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы бүкіл Қазақстанның бренді», — деді ол.
sputniknews.kz