Нұрсұлтан Құрман жеке өміріндегі өзгерістер туралы айтты

0

Танымал тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман осы жылы өмірінде үлкен өзгерістердің орын алатынын айтады. Өзіндік бет-бейнесін қалыптастырып үлгерген жүргізуші қазақ телевизиясына өзгеріс алып келгісі келеді. Орда бұзар жасқа келсе де отбасы құруға асықпайтын тележүргізушінің жеке өмірінде не жаңалық бар, Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында бөлісті. 

Нұрсұлтан Құрман

Сұхбаттың басы

Нұрсұлтан Құрман президент сайлауынан кейін орын алған оқиғаларға қатысты алғашқылардың бірі болып пікір білдіріп, өз Youtube-арнасында Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуін жариялаған еді. 

Президентке үндеу жариялаған едіңіз? Жауап бар ма? 

Иә, жауап келді. Алдағы апта жолығып кездесеміз. Тоқаевтың көмекшісі Ерлан Қаринмен жолығып келіссөздер жүргіземіз.

Журналистке керек қасиеттің бірі тік мінезділік деп айтқаныңыз бар. Тік мінезділіктен таяқ жеген кездеріңіз болды ма?  

Иә, көп болды. «31 арнада» жұмыс істеп жүргенде қазақ тілді бағдарламаларды жауап тастады. Сол кезде шу шығарып, пресс конференциялар ұйымдастырып, қазақ тілінің хәлі мүшкіл деп біраз конфликт жасағанбыз. Содан кейін жұмыстан шеттетілдім. Одан кейін «Хабардағы» жаңалықтар бөлімінен кетіп қалған кездерім болды. Кейде үлкен-үлкен концерттерде менің саяси көзқарасыма сәйкес келмейтін сөздер болады. Сол «ұран» сөздерді айтудан бас тартамын. Тік мінезділіктен көп таяқ жеймін. Өзіме ұнамаған нәрселерді бірден басшылыққа айтамын. Сондай кезде таяқ жеп жататын кездер болады. Премиядан қағылып қалатын кездер де болды. 

Сізді достарыңыз өте пысық деп жатады.

Менен де пысық адамды көргенмін. Осы жылы мен өзімді қолға алдым. Көп нәрсеге мән бермей, жіберіп алыппын. Қазіргі істеп жүргенінімді жас кезімде істеп тастағанмын. Неге жаңа бір өзгеріс жоқ деген ой келді.

Youtube каналым екінші тынысымды ашты. Өзімнің бағамды қойдым. «Хабарда» да өзімнің талаптарымды өзгертіп, жаңа келісім жасадым. Бұрын гонорарымды концерт ұйымдастырушысының көңіліне қарап айтатынмын. Бір қарасам өзімнен кейін шыққан шоумендер менен көп алады екен. Қазір өзімнің бағамды қойдым. 

Өзіңізге жанкүйер қыздар көп пе? 

Бір қызығы, еңбек етсең көбейеді, еңбек етпесең азаяды. 2019 жылы қайта көбейіп кетті. Екі-үш жыл бұрын жазған қыздар осы жылы қайта жаза бастады. Соған қарағанда жұмыс істеп жатырмын деген сөз.

Бұнымен айтпағым, жастардың көз алдында, көрермендердің қызықтырып, жалықтырып алмай жұмыс істеуің керек. Мысалы, Кәмшат Жолдыбаеваға қараңызшы. Ашық-шашық киінеді. Жастардың стилінен қалғысы келмейді. Бірақ шешінбей де танымал болып жүрді. Тағы бір мысал, Айнұр Тұрсынбаева. Оның айтып жатқан дүниелерін кезінде 15-20 жасымда теледидардан көріп, кітаптардан оқып тастағанбыз. Ол кісіні өмірден өз орнын таппаған қыздар тыңдайды. Халыққа осы өтімді екенін біліп отыр. Яғни, трендте болу керек. Мен де соған тырысамын.

Жалпы, жанкүйерлерге келетін болсақ күнде бір сыйлық жіберіп тұратын бір қыз болды. Көңіліне рахмет деп аласың, бірақ күнде қайталана берсе, қорқасың ғой.  

Өзіңіздің тараптан да қыздарға көңіл білдіру болмады дегенге сенбейміз… 
Болды. Одан бөлек қыздардың достығына қайран қаламын. Бір қызбен сөйлесіп жүрсең, соның құрбысы екеуара сөйлескен хаттарын маған жіберіп отырады. Демек, құрбысына деген қызғаныш бар немесе нағыз құрбылар емес деген сөз. Менің басымда осындай жағдай көп болды. Сол хаттарды оқып отырып, ол қыздың өзіме деген арам ойы барын білген соң, көңілім суиды. 

Мен сізге бұл сұрақтарды «Қарақатпен шай» бағдарламасын көрмей тұрып қоюды жоспарлаған едім. Сұхбат барысында «мен өмірлік серігімді таптым» деп мәлімдедіңіз. Сондай-ақ бір-екі мәселе бар екенін де жасырмадыңыз…

Иә, ол рас. Түйіні шешілмеген сұрақтарға жауап тапқанқан кезде міндетті түрде айтамын. Қазір ол адамның кім екенін айтпаймын. Осы күзге қарай шешілетін шығар.

Қарақатпен сұхбаттасып отырып біраз қысылғаныңыз, қобалжығаныңыз байқалады…

Өйткені ол жағдаймен Қарақаттың өзі жақсы таныс.

Қарақаттың құрбысы дегенді құлағымыз шалды. Рас па? Оның үстіне Қарақат кейін өкініш болып жүрмей ме деп сұрап қалды. Қанша жас үлкен?

Иә, құрбысы. Қарақаттың сұрап отырғаны да соған байланысты. Несіне өкінемін? Бәрі дұрыс, бәрі жақсы. Жастан да, басқа мәселеден де ешқандай өрескелдік көріп тұрған жоқпын. Бәрі керемет. 

Қашан үйленесіз? 

Ол ақпаратты келесі сұхбатта айтайын. Күзге қарай күтпеген жағдайлар орын алады. Қарақаттың өзі таңқалатын жағдай болайын деп тұр. 

Жақсы, жаңалықтың бәрін күзде өз аузыңыздан естуге дайынбыз. Соңғы сұрақ. Отызға келгенде саясатқа кетуім мүмкін деген екенсіз. Сізді қандай лауазымды тұлға ретінде көре аламыз?

Маған негізі заң шығарушы орган парламентте жұмыс жасаған ұнайды. Қоғам белсендісі, қайраткері болуды қалар едім. 

stan.kz