Нұрсұлтан Құрман Ләйлә Сұлтанқызына не үшін өкпелі?

0

Танымал тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман осы жылы өмірінде үлкен өзгерістердің орын алатынын айтады. Өзіндік бет-бейнесін қалыптастырып үлгерген жүргізуші қазақ телевизиясына өзгеріс алып келгісі келеді. Орда бұзар жасқа келсе де отбасы құруға асықпайтын тележүргізушінің жеке өмірінде не жаңалық бар, Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында бөлісті. 

Нұрсұлтан Құрман

«Хабар» арнасының танымал жүргізушісі Нұрсұлтан Құрманға Youtube желісінде канал ашу не үшін қажет болды?

— Қазір таңда оқуды жаңа бітірген жас журналистер мен өмірін журналистикамен байланыстырғысы келетін талапкерлерге бірден жұмыс тауып кету қиын. Сондықтан бірініші курс студенттерімен жолыққанда бірден Youtube желісінде канал ашыңдар деп кеңес беремін. Оқуын бітіргенше көрермендерін көбейтіп, өз аудиториясын жинай бастайды. Телевизияға қалай келсек болады деп жиі сұрағанда, бұрын кітап оқыңдар, білім алыңдар дегеннен ары аса алмайтын едім. Қазір телевидение өзі шақыратындай болу үшін Youtube-та өзіңді жарып көрсетуің керек. 

Менің канал ашуымдағы басты себеп, Еуропада, Америкада, Ресейде журналистердің барлығы дерлік Youtube-канал аша бастады. Youtube-канал — адамның жеке шығармашылық алаңы. Қазіргі кезде «Хабар» арнасында «Біздің назарда» бағдарламасын жүргіземін. Ол жерде көбіне әлеуметтік жағдайлар мен келеңсіздіктерді айтамыз. 

Бірақ бұл журналист үшін тар аумақ. Мен өзімнің жеке шығармашылық дүниелерімді жасағым келеді. Сондықтан бұл мен үшін хобби ретінде басталғанымен, қазігі таңда үлкен дүниеге айналып кетті.

Демеушілер де пайда бола бастады. Кішігірім бизнеске де айналды десек болады. Әрбір сұхбатты түрлі компаниялар сатып алады. Оның өзі мені ынталандырады.

Кейіпкерді қалай таңдайсыз? Өзіңіз әлде көрермендеріңіз?

Сұхбатқа айтары бар, бірақ көп сұхбат бермеген адамдарды шақырамын. Әлеуметтік желіде оқырманы көп жұлдыздарымыз бір мәлімдеме жасап алады да сұхбатқа шақырысақ, келіспей қашады. Өйткені олар форматты сұхбатқа үйреніп қалған.

«Өз ойым» бағдарламасының төңірегінде дау болды. Сол оқиғаның ақ-қарасын ашу мақсатында Нұрболханды, Ләйлә мен Алмас Алтайды шақырған едім. Бірақ түрлі себептермен Ләйлә мен Алмас келмеді. Менің бір таңғалғаным, біз сұхбат бермейміз деген Сұлтанқызы «Қарақатпен шай» бағдарламасына келіп сұхбат берді.

Ол бағдарламалардың форматы халыққа жақсы таныс. Ол жерде ешқандай өткір, ашық пікірлер айтылмайды.Тек рухани шеңбердің төңірегінен ары аспай, беті ғана талқыланады.

Осы тұста журналист Сұлтанқызына өкпелі екенін жасырмады. Өзіне сұхбат бермей, басқа бағдарламаға барып сұхбат беруін, Нұрболханға лайықты жауап қайтармауын құп көрмеді. Ең құрымағанда жеке келіп сұхбат беруіне болатын еді деп айтып қалды бір сөзінде:

—  Адамда принцип деген болуы керек. Сол тақырып жайлы сұхбат бермеймін деді ма, соңына дейін сол сөзінде тұруы керек. «Қарақатпен шай» бағдарламасының табиғаты бөлек.

Осындай жағдайдайларда көп адамдар менен қашады. Желіні жарып жіберетін мәлімдеме жасайды да бірақ сұхбат беруден қашады. 

Біреуіне мысал келтіріңізші…

Айтпағаным дұрыс. Олар кейін маған хабарласып, өкпе-реніштерін айтып жатады. Мен хайп қуатын адам емеспін. Көрермендер неге мына кісілерден сұхбат алмайсыз деп жатады. Көрермендерге «олар сөзінен тайқып кетті, сұхбат беруден қашып жүр» деп айта алмаймын. Сондықтан көбіне өзім танитын, тіл байлығы жақсы, айтары бар кісілерді шақырамын. Айтары жоқ «бос» адамдармен сұхбаттасқым келмейді.

Бұндай кісілер өте көп. Мықты киініп, боянып алған. Бірақ айтар дүниесі жоқ, тіл байлығы жоқ. Ол адамдардың ойы тек қана той, гастроль. Елімізде ондай көп жұлдыздар бар. Елдің алдында келгенде сөйлей алмайды. 

Youtube-тағы бұл қадамыңыз телевидениедегі жеке авторлық бағдарламаға дайындық емес пе? 

Жеке бағдардарлама жасау ойда бар. Ашылған жағдайда лайт-шоу форматында болады. Егер телеарна басшылығы құптаса, дәл өз ойымдағы бағдарламаны бекітіп берсе ғана оны жүргізуге келісемін. 

Әйтпесе, көптеген ұсыныстар келіп түскенімен қызықсыз формат болғандықтан бас тартамын.

Біздің арналардағы лайт-шоулар әзілге көбірек акцент беріп жіберген. Негізі лайт-шоуда шынайы сұхбат болу керек, маңызды жаңалықтар айтылуы керек. Ал оның тізгіншісі бесаспап болуы шарт. Қазақстандық бағдарламалар сондай форматқа келе жатыр. 

Жаңалықтардан шоу-бағдарламаға ауысуыңызды көрермендеріңіз қалай қабылдады?

«Жұлдызды жекпе-жектен» кейін шоу-бағдарламалардың есігін енді қақпаймын деген ой келді. Қазір «Біздің назарда» бағдарламасының тізгінін алдым. Осында келгенің жақсы болды деп пікір білдіріп жатқандар да бар. Енді бірі «Жекпе-жектен» неге кеттің деп қимайды. Жалпы халық қай форматқа болсын үйренеді.

Біздің халық неше түрлі нәрсеге тез үйреніп кетеді. Өзіме қатысты айтып отырғаным жоқ. Біздің халық кешірімді. Бір адамның былығын білсе, шулап-шулап қояды. Бір айдан кейін сол кейіпкерді қаһарман қылып отырады. 

Неге «Хаба» арнасы, «31» емес, «КТК» емес? 

Мен бұрын «31 арнада» істегенмін. Үлкен шу болып, ол жерден кетіп қалғанмын. Сол жағдайдан кейін бүкіл арналарға барып көрдім. Жұмысқа алған «Хабар» ғана. Өйткені бұған дейін мен «Азамат» пікір-сайыс бағдарламасына қатысып, өз мүмкіндігімді көрсеткенмін.

Мен үшін «Хабар» — екінші үйім. «Хабар» үлкен тәжірибе алаңы болды. Көптеген мүмкіндіктер берді. Және мен де ол мүмкіндіктерді барынша пайдаландым. Сонымен қатар, «Хабарға»-да өз үлесімді қосып жүрмін. Сондықтан, бір ғана телеарнаның бет- бейнесі болғым келеді. Қазіргі таңдағы «Хабардағы» жағдайым өте қатты ұнайды. Мені басшылық естиді, өз ойымды ашық айта аламын.

Сіз үшін ең биік шың «Жеті күн» ба?

Көпшілік үшін ол шынымен ең биік шың болуы мүмкін. Мен үшін емес. Өйткені 25 жасымда ол шыңды бағындырып қойғанмын.

Мүмкін ТВ басшысы болу ойда жүрген шығар?

Арна басшысы болу телевизияның биігі емес. Мен үшін биік шың-халықтың сүйіктісі болу. Сенің бағдарламаңды адамдар қызығып тамашалайтындай, сенімен жолығуға ұмтылатындай, елдің есінде тек жақсы қасиеттеріңмен қалатындай тұлға болу.  Халықтың сүйіспеншілігіне бөленбеген арна басшылары да бар.

Бағдарламаларыңызға қалай дайындаласыз? Сұрақтарды өзіңіз дайындайсыз ба әлде редакторлар ма?

Өзім басы-қасында боламын. «Біздің назарда» бағдарламасын командалық жұмыспен атқарамыз. Әркім өзінің міндетін жақсы біледі. Ал «Орталық хабарды», шыны керек, екі-үш адам болып дайындадық. Жаныма жақын, ыстық бағдарлама. Ал «Жеті күнде» тек жүргізуші болдым. 
 

Жалғасы бар…

stan.kz