Нұрсұлтан Назарбаев тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты

Қысқа сілтеме алу
Кеше Қызылорда облысында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, 13 адам қаза тапты
НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысындағы тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әскери қызметшілер мінген тікұшақтың апатқа ұшырағаны туралы қаралы хабарды Назарбаев зор күйзеліспен қабылдаған.
«Қазақстанның әскери қызметшілері әрқашан антына адал, сондай-ақ Отанына шексіз беріле қызмет етуде. Жастарымыздың мезгілсіз қаза болуы қабырғамызды қайыстырды. Орны толмас қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», — делінген жеделхатта.
Айта кетсек, кеше кешке Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі белгісіз себептермен құлап, түгі қалмай жанып кеткен. Әскери тікұшақтың бортында 13 адам болды, олардың барлығы қаза тапты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.
sputniknews.kz