Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан 47 азаматтың елге қайтарылғаны жөнінде мәлімдеме жасады

0
Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: Nazarnews.kg

Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болған.

Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді, – дейді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсететінін айтты.

Негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмысы жалғастыра береміз, – деп мәліімдеді Президент.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі құқық қорғау органдарымен бірге Сириядағы қазақстандықтардың жүрген жерін анықтап жатқанын хабарлаған еді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz