Нұрсұлтан Назарбаев С.Киров атындағы зауытқа барды

0

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақаловтың өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың дамуы, индустриялық жобалардың іске асырылуы және жолдау аясындағы тапсырмалардың орындалуы жөніндегі есебін тыңдады.

Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімінің баяндамасынан кейін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңіраралық ынтымақтастығының форумына әзірлік аясында аймақты дамыту бағдарламасының тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті.

– Петропавл қаласын көркейту мақсатымен көп жұмыс атқарылды. Облыстың экономикалық көрсеткіштері қалыпты. Өсім қарқыны республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыстың аграрлық әлеуетіне тоқталып, бұл өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажеттігін айтты.

– Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі көңіл көншітерліктей емес. Мен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі есе көтеру жөнінде міндет қойдым. Бұл сіздердің облыстарыңызға тікелей қатысты. Қайта өңдеу мен экспортты ілгерілету арқылы ғана өнімділікті арттыруға болады. Сіздер үшін жаңа тұтыну нарықтары ашылды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын салу, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру жұмыстарының нәтижелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, 2018 жылы өңірдің 6 мыңнан астам тұрғыны баспанамен қамтамасыз етіліп, 150 мыңнан астам жұмысшының жалақысы көтеріледі, сондай-ақ өңірлік маңызы бар жолдар жөндеуден өткізіледі.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев өңір жұршылығымен кездесті. Облыс тұрғындары әлеуметтік салаға қатысты бағдарламалар қабылдап,  халыққа ұдайы қамқорлық көрсетіп келе жатқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.