«Нұрлы жол» бағдарламасын 2025 жылға дейін созатын болды
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ел экономикасына елеулі экономикалық-әлеуметтік әсерін берді.
ҚР үкіметінің отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Нұрлы жол» бағдарламасының 2025 жылға дейін созылған жаңартылған тұжырымы осы айда таныстырылатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
— Қазірдің өзінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы экономикаға айтарлықтай экономикалық-әлеуметтік әсерін тигізді. Көліктік инфрақұрылымның жағдайы жақсарды, республикалық автокөлік жолдарының, магистралды теміржол желілерінің, логистикалық инфрақұрылымдардың өткізу қабілеті артты. Бизнес үшін көліктік шығындар азайып, көлік тасымалының халыққа қол жетімділігі артып отыр, — деді ол.
Оның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру көлік саласындағы макроэкономикалық көрсеткіштер қарқынын сақтап қана қоймай, тіпті арттыра алды.
— Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты өсімі 6,1%-ға дейін өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгені құрады. Көлік қызметтерінің көлемі 4,6%-ға, еңбек өнімділігі 3,4%-ға артты. Көлік саласындағы барлық жобаларды жүзеге асыру барысында 127 мың уақытша жұмыс орны және шамамен 34 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылды, — деген ақпаратпен бөлісті министр.
Склярдың сөзінше, көлік саласын дамытуға бағытталған міндеттерді одан ары жүзеге асыру жоспары 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» бағдарламасынан көрініс табады.
— Әзірленіп жатқан бағдарламалар аясындағы жаңа инфрақұрылымдық даму саясаты мынадай принциптерге негізделмек. Бірінші, облыс пен аудандарға ерекше көңіл бөліп, халықтың өмір сапасын арттыруға арналған әлеуметтік бағыт. Екінші, көлік түрлерін бірыңғай жүйеге кіріктіру үшін көліктік инфрақұрылымды дамыту. Үшінші, интеллектуалды технологиялар, цифрландыру мен жаһандық жүйелерге кірігуге негізделген шешімдерге басымдық беру, — деп тізіп шықты Роман Скляр.
«Нұрлы жолдың» жаңа тұжырымы 2019 жылдың соңында қабылдануы тиіс.
— Бағдарламаның жобасы маусым айына дейін құралып, мемлекеттік органдармен бірге мақұлдату тамызға дейін аяқталады. Қыркүйекте республикалық бюджет комиссиясы мен үкімет мүшелерінің қарауына енгіземіз. Қабылдану мерзімі – 2019 жылдың желтоқсан айы, — деді ол.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz