Нұрлан Қоянбаев алғаш рет отбасы жайлы айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұрлан Қоянбаев бүгінгі жетістігіне ата-анасының арқасында жеткен. Әсіресе, анасы бала күнінде Нұрланның жан-жақты білімді болып өсуі үшін бар жағдайды жасаған көрінеді. 

Нұрлан Қоянбаев алғаш рет отбасы жайлы айтты

Бұл туралы Қоянбаев «Хабар» арнасының «Қарақатпен шай» бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.

«Ата-анам, оның ішінде анам кішкентай кезімнен неше түрлі үйірмелерге жаздыратын. Баскетболға да қатыстырады, басқа да қатыстырады. Шиеліге қандай газет-журнал келсе, соған жаздыратын. Үйге келгеннен кейін, анамнан ұялғанымнан оқитынмын. Орысша түсінбесем де оқитынмын. Анам өнер жолында көп көмектеседі. Анамның жақсы сөзі бар. «Ешнәрседен қорықпа. Жұмыс істе. Шығармашылықпен айналыс, қоғамға пайдаңды тигіз», — дейді.

Ата-анам өзімді еркін ұстауға тәрбиеледі. Сол кісілердің арқасында ешқандай шекара ұстамаймын. Америка болсын, Африка болсын, жұмыс істей беремін», — дейді Қоянбаев.

Бұдан өзге, Нұрлан жұбайы мен балалары жайлы айта кетті. Актердің Әйгерім есімді жары — экономика саласының маманы. Алайда мамандық бойынша жұмыс істемеген. Нұрлан екеуі университетті бітіре салысымен отбасын құрғандықтан, ғұмырын отбасы мен балаларына арнапты. 

«Өзінің хоббилары бар. Сурет салады», — дейді Қоянбаев. Екеуінің бір қыз, бір ұлы бар. 

«Қызым Нұрай 8 жаста, ұлым Нұрсейіт 6 жаста. Екеуі де мектепте оқиды», — дейді Қоянбаев. 

Кинопродюсер бүгінде отбасымен Алматыда тұрады. «Түнгі студия» бағдарламасын жүргізген кезінде елордада қоныс тепкен.

Ең қызығы, Қоянбаевтар жанұясында барлығының есімі «Нұр-дан» басталады екен. Нұрланның Нұргүл есімді әпкесі, Нұртуған есімді інісі бар. Әкесінің есімі — Нұғман, анасы — Тұмар. Актер дәстүрді бұзбай, балаларының да есімін Нұрай, Нұрсейіт деп қойған.

 

stan.kz