Нұрлан Өнербаев: Кадр сыртындағы дауыс әлі дубляж емес
Астана, BAQ.KZ. Қазір бізде дубляж жоқ. Тек кадр сыртынан дауыс жазу ғана бар. Біз дубляжға қатысып жүрген кезде ауқымды жұмыстар жасалатын. Шыны керек, театр әртістері табысты осы, дубляждан тауып жүрдік. Бұл туралы әнші, актер, Мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрлан Өнербаев BAQ.KZ тілшісіне берген сұқбатында айтты.
BAQ.KZ: – Нұрлан мырза, сізбен арадағы әңгімеміз бәрінен бұрын дубляж тақырыбында болғанын қалап отырмыз. Себебі, дубляждалған фильмдерде сіздің есіміңізді Атагелді Смайылов, Фарида Шәріповалардың қатарында есту үйреншікті еді. Дубляждың сол сапасы қайда? Әлде сол буынның алдында мықтылар болды ма?
Н.Ө. – Атагелді Смайылов, Мұхтар Бақтыгереев, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев, Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәріпова, Раушан Әуезбаева деп жалғастыра беруге болатын қазақ дубляжының нағыз өзегі саналатын ағаларымыз бен апаларымыз болды. Бұл кісілдердің алдында — Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин де дубляжға қатысты. Ал енді олардың алдында — Серке Қожамқұловтың уақытында кино өте сирек болды.
Дубляждың өндіріске айналып, қазаны нағыз қайнап тұрған кезі — жоғарыда айтқан бір шоғыр тұлғалардың тұсы еді.
Мен дубляж саласында 1980 жылдан бастап он жыл жұмыс жасадым. Ол кезде Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясы қазіргі мемлекеттік филармонияның орнында болатын. Сол ғимараттың үшінші қабатында дубляж бөлімі болды.
Таңертең ерте дубляжға келемін, түсте театрдағы дайындыққа, түс қайта — қайтадан дубляжға, кешке театрға спектакльге барамын. Кейде дубляжға түнде келемін. Ол кезде киностудияның арнайы көлігі М. Әуезов театры мен Жастар театрының әртістерін осылай, екі ортада тоқтаусыз тасып жүретін.
Сол он жыл ішінде мен шамамен 700-дей киноның дубляжына қатысыппын. Дубляж – үлкен өндіріс. Ол микрофонның алдында оқи салатын дүние емес.
Қазір бізде дубляж жоқ. Тек кадр сыртынан дауыс жазу ғана бар. Біз дубляжға қатысып жүрген кезде ауқымды жұмыстар жасалатын. Шыны керек, театр әртістері табысты осы, дубляждан тауып жүрдік. Алатын айлығымыз дауысқа, сапаға, еңбек өтілімізге қарай бағаланатын. Мен жұмыс істеген он жылымның соңғы жылдары Мұхтар, Алтынбек ағалардың кәсіби дәрежесіне жеттім. 1989 жылы «Қазақфильм» киностудиясының дубляж бөлімі алдыңғы буын жолын жалғайтын, ізін басатын жастар арасында дубляж режиссерлығына байқау жарияланды. 25 әртіс қатысып, соның арасынан үшеуіміз ғана өттік. Талап қатал болды. Дубляж режиссері ретінде фильмнің аудармасынан бастап, түгел жауапкершілігін өз мойыныңа алуың керек. Мен үш қатысушының екіншісі болып өттім. Тіпті сол байқаудың нәтижесі бойынша мені киностудияның І дәрежелі дубляж режиссерлігіне жұмысқа қабылдау туралы бұйрық та шыққан. Бірақ мен театрда әлі де жұмыс жасағым келеді деп, бармай қойдым.
BAQ.KZ: – Кезінде сценарийлері орысша жазылып, орысша түсірілген кинолардың қазақша дубляжында мін болған жоқ. Тіпті көрермен оның басқа тілде түсірілгенін байқамай да қалды. Бұл аудармашының еңбегі ме, әлде дубляждың жемісі ме?
Н.Ө. – Бұл – аудармашының еңбегі. Ол замандағы киноның барлығы орысша түсірілді. Сценарийлер орысша жазылды. Себебі, талқылау, рұқсат беру Мәскеу арқылы болды ғой. Сондықтан кинолар орысша түсіріліп, кейін қазақшаға аударылды.
Мен сөз басында дубляжды үлкен өндіріс деп бекер айтқан жоқпын. Актер экранның алдына келіп дауыс жазғанға дейін қыруар жұмыс атқарылады. Бірнеше редактор жұмыс жасайды. Бірінші, аудармашы редактор. Екінші, «укладчик» деген редактор болады. Ол әр сөзді буынмен бөліп реттеп береді. Яғни, экрандағы кейіпкердің ерінімен, дубляждың сөзі сәйкес келу керек. Егер ерінінің қимылына сөз сәйкес келмей қалса, укладчик редактор дәл сол мағынада, ойды бұзбайтын басқа сөз табу керек. Бұл енді редактордың сөз байлығын талап етеді. Үшінші, стилист редактор. Сосын, кинодағы кейіпкердің даусына, мінезіне, табиғатына жақын келетін әртіс таңдалады. Киноға дубляж жасап отырып, сен ана кейіпкердің тыныс алуын, табиғатын, мінезін ашып көрсете алуың керек. Мінеки, осындай жұмыстардан кейін шыққан дүние, әрине, мінсіз болады.
BAQ.KZ: – Совет кезеңінде дубляждауды оқытатын арнайы мектеп болды ма? Кімдер оқытып, кімдер сабақ берді?
Н.Ө.: – Жоқ. Ондай мектеп болған жоқ. Қазір де жоқ. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сахна тілі, сөйлеу мәнері секілді пәндер ғана оқытылады.
Негізі, дубляж қайта қолға алынса жақсы болар еді. Бұл әртістерді таза сөйлеуге үйретеді. Екіншіден — табыс көзі болар еді. Қазір дауысы жақсы, дауысында әдемі ұлттық бояуы бар дикторлар, әртістер бар. Дегенмен, машығы аздау. Жақсы оқиды, бірақ жеткізе алмайды.
BAQ.KZ: – Сіз 700-ге жуық фильмнің дубляжына қатыстым деп отырсыз, сол кинолар қазір бар ма? Көрсетіліп тұрады ма?
Н.Ө.: – Әрине бар. Қазір «Еларна» арнасы «Қазақфильм» киностудиясы дубляж жасаған киноларды көрсетіп жатыр. Жақында өзім дубляж жасаған бір киноны көрдім. Ескі кинолардың барлығы Қазақфильмнің алтын қорында сақтаулы тұрған болуы керек. Олардың барлығын цифрлап үлгермеген болар. Бірақ сапалы ленталарда тұр деп ойлаймын. Алдағы уақытта көрсететін де шығар.
BAQ.KZ: – Жоғарыда өзіңіз атаған — Атагелді Смайылов, Мұхтар Бақтыгереев, Матан Мұраталиев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәріпова, Раушан Әуезбаева секілді дубляж мамандары бірнеше буынды тәрбиеледі. Бұл кісілер үлкен мектеп еді. Қазір сол мектеп үзіліп қалғандай көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
Н.Ө.: – Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жағдай өте қиын болды ғой. Телеарналар жекешеленіп кетті. Ал киностудия кезінде мемлекеттің қыруар ақшасына жасалған сапалы дүниесін жекеменшік арналарға арзанға бергісі келмеді. Жеке телеарналар үшін шет елден алып келген фильмдер кадр сыртынан сапасыз дауыс жаздыра салу арзан болды. Міне, осының салдарынан дубляж мектебінің жібін үзіп алдық. Мен депутат болып жүрген кезде «Қазақстан аумағына кірген шетелдік кинолардың барлығы мемлекеттік тілге аударылсын» деген заң қабылданды. Бұл сұранысқа, бұл талапқа жауап беретін фильмдер «Қазақфильмнің» алтын қорында жеткілікті. Менің өзім 700-ге жуығына қатыстым дедім ғой. Маған дейін қанша кино аударылды.
BAQ.KZ: – Қазіргі түсіріліп жатқан киноларға дубляж жасауға сізді шақырады ма?
Н.Ө.: – Мемлекеттік қызметте жүрген кезімде, уақытым болмай жүрген кезде бңр-екі рет айтылған. Одан кейін арнайы ешкім хабарласқан емес.
BAQ.KZ: – Сіздің төл мамандығыңыз — актер. Алайда өз мамандығыңыздан гөрі әншілікке көп көңіл бөлуіңіздің себебі неде?
Н.Ө.: – Мен театрда жүрген кезімде де музыкалық спектаклдерде ойнадым. Арасында ән айтамын. Сосын гастрольдік сапарға шыққан кездерде де өз арамызда, қонақта ән айтып жүрдім. Егер бір ән ұнап қалса, «мына әнді мен айтуым керек» деп ойлайтынмын. Сол әнді айту үшін, гитарада ойнауды үйрендім. Осылайша әнге деген құмарлығым артып, әнші болып кеттім. Болмаса мен дубляж саласында үлкен жетістікерге жетіп, «Мосфильмде», «Союзмультфильмде» арнай шақыртуларымен барып дубляж жасағам.
BAQ.KZ: – Қазір қайдасыз? Немен айналысып жүрсіз?
Н.Ө. – Соңғы екі-үш жылдан бері сахнаға өзіммен бірге екі ұлым да шығып жүр. Үлкенім бала кезінен менімен бірге түрлі кездесулерге, концерттерге барып жүрді. Сол жылдары бір байқауларға қатысып, лауреат атанған кездері де болған. Бірақ өсе келе экономика саласын таңдап, сол салада біраз жыл жұмыс жасады. Кейін екінші мамандық ретінде заңгерлікті оқып, ол салада да қызмет етті. Соңғы жылдары байқадым, ән айтуға деген құмарлығы қайта ояныпты. Достарымен бірге отырыстарда, караокелерге барып ән айтып жүр екен. Гитараны да жақсы үйреніп қалыпты. «Егер ән айтуға деген махаббатың болса, мен сені үлкен сахнаға дайындайын, әніңді елдің алдына шығып айт» деп сахнаға алып шықтым. Ал екінші ұлым – бес жасынан бері музыка саласында оқып келеді. Алматыдағы Күләш Бәйсейітова атындағы мектептен бастап, кейін Астанадағы Өнер университетінің мектебін, колледжін бітірді. Қазір сол Өнер университетінің пианино мамандығы бойынша білімін жалғастыруда. Менің бүгінгі жұмысым — осы екі ұлымды үлкен сахнаға шығару жолында жақсы репертуарлар таңдап, соған дайындау, сахнаға бейімдеу, насихаттау бағытында жүріп жатыр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ