Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысы тұрғындарымен кездесті

0

Іс-шарада Палата Төрағасы депутаттардың заң шығарушылық жұмысы туралы, соның ішінде, Мемлекет Басшысының бастамасымен қабылданған заңдар туралы әңгімеледі.

Палата Спикері «Қазфосфат» зауытында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазақстандағы химия өнеркәсібі жағынан алғашқы қатарда тұрған кәсіпорынға биыл 20 жыл толады.

Осы уақыт ішінде   «Қазфосфат»   тек елімізде ғана емес,   басқа шет мемлекеттерге де фосфор өнімдерін шығарды. Сонымен бірге, ТМД,  Қытай,  Шығыс және  Батыс Еуропа елдеріне жол тауып,  әлемдік деңгейдегі    ірі  өндіріс   орнына   айналды. Қазіргі уақытта  еліміз бойынша 7 филиал ашылып,   ол 6 мыңнан астам азаматты   жұмыспен    қамтамасыз етіп отыр.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында Палата Спикері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап,                                әрбір облыстың,    әрбір ауданның,  әрбір қаланың  дамуына  зор көңіл  бөліп  келе жатқанын,  соның ішінде, түрлі-түсті металдарға, баритке, фосфаттарға бай   Жамбыл облысының   орны  өте маңызды екеніне тоқталды.

Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында    мемлекетіміздің    өңдеу   өнеркәсібі 9,5 трлн. теңгеге дейін артып,  отандық өнімдеріміз әлемнің 110 елінде сатылып келеді. Мемлекетімізде жүргізілген ірі реформалардың арқасында  қазақстандықтардың тұрақты   табыс табуына    кең жол   ашылды, – деді Н. Нығматулин.  

Сонымен қатар, Палата Спикері еліміздегі әлеуметтік жағдайға тоқталып, Тәуелсіздің алған жылдардан бастап еліміздегі жалақы көлемі 4 есеге дейін   өскенін, бір миллионнан астам қазақстандықтар тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін, алдағы бес жылда Президентіміздің әлеуметтік бағдарламасы аясында 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу   жоспарланғанын, ол 2 миллионнан астам адамға  баспаналы болуға   мүмкіндік  беретінін айтты.

Бүгінгі таңда еліміздің алға қойған мақсаты  дамыған   30 елдің қатарына  жету. Осы жолда  әлемдік нарыққа жол тапқан Жамбыл облысының  да   үлесі зор. Қазірдің өзінде де көптеген жетістіктерге қол жеткізген.  Мысалы,  облыс бойынша өндіріс көлемі өткен жылы  400 млрд теңгені құраса, жұмыс  істеп  тұрған   шағын  кәсіпорындар  саны 63 мыңнан асқан.

Жамбыл облысының қарқынды дамуына назар аударған Мәжіліс Төрағасы: 

Облыс жыл сайын жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Сонымен бірге, «Қазақстан — 2050» бағдарламасы, біздің жарқын  болашағымыздың басты бағдары болып табылады. Сондықтан, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, біздің заң шығару жұмысымыз барлығы да туған еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы игі қадамдарды  жүзеге асыру болып табылады. Алдағы уақытта да   біз   ортақ   мақсат жолында    бірлесе   қызмет ететін боламыз. Осы жолда ең тиімді бағыт – ол депутаттардың  сайлаушылармен кездесуі екені сөзсіз. Бұл   кездесулер   халқымыз үшін де,  біз  үшін де өте маңызды, — деді.

Одан әрі кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысының жастарымен «Жастар жылының» ашылуындағы Мемлекет басшысының көрсеткен қолдауы туралы айтты.  

Кездесу көп жылдық тарихы бар, бүгінде   еліміздегі   ең үздік   оқу орындарының қатарына кіретін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өтті.

Оған Жамбыл облысындағы жетекші оқу орындарының студенттері, жастар қозғалысының көшбасшылары және жас ғалымдар қатысты. 

Н. Нығматулин жастармен кездесу барысында биылғы жыл  жастар үшін ерекше   кезең екеніне тоқталды.

— Президентіміз «Жастар жылында» жас қазақстандықтарды қолдаудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Ол ең алдымен, жас отбасыларға арналған баспана мәселесі. Мемлекет Басшысы ірі қалаларда жұмыс істейтін  жастар үшін   жылына  бір миллион пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз етуді және барлық кәсіпорындарға   жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын  жасауға   белсене қатысуды тапсырды, — деді Палата Спикері.

Мәжіліс Төрағасы Мемлекет Басшысының жастарға көрсеткен қамқорлығы туралы айтып,  жастар белсенділігін арттыру жолында еңбек қабілетімен қатар, денсаулық, рухани мәселелері де, әрқашанда басты назарда екеніне тоқталды.

— Осы орайда, Мемлекет Басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өскелең ұрпақтың рухани байлығын, денсаулығын арттыруға ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жұмыстардың барлығы сіздердің өмірлеріңізді жақсарту үшін,  қоғамдағы рөлдеріңізді нығайту үшін, бәсекеге қабілетті күшейту үшін жасалып жатқан шаралар,- деді Н.Нығматулин.

Палата Спикері осы ауқымды шаралардың барлығын заң жағынан жан-жақты қолдау қажеттігі туралы айтып, Елбасымыздың барлық бастамаларын сапалы заңдармен   қамтамасыз ету – ол   біздің   Парламент депутаттарының басты міндеті екеніне назар аударды. Сондай-ақ, осы жолда, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы»  және  «Волонтерлік қызмет туралы»   заңдар  қабылданғанын, Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі    Бағдарламасы  бар екенін және жақын уақытта Мәжілісте «Педагог мәртебесі туралы» және басқа да білім саласына қатысты  заң жобалары қаралатынын жеткізді.  

— Жамбыл облысында өткен кездесулер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық бастамалары жергілікті жерлерде табысты орындалып жатқанын көрсетті. Әсіресе, әлеуметтік сала, цифрландыру, кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жобалар халқымыздың өмір сапасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да осы маңызды жұмыстар облыстың дамуына, сонымен бірге, жастарды жан-жақты қолдауға серпін беретіні сөзсіз, — деді Палата Төрағасы.

Дереккөз: http://egemen.kz/