Нұрлан Нығматулин Мәжілістің Бюро отырысын өткізді

0

2018 жылғы 16 қараша 15:51 33

Нұрлан Нығматулин Мәжілістің Бюро отырысын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің Бюро отырысы өтіп, Палатаның жалпы отырысында талқыланатын мәселелер айқындалды.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, күн тәртібінің жобасына депутаттардың назарына кейбір конституциялық заңдарға әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы Конституциялық заң жобасын ілеспе түзетулермен бірге бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

Аталған заң жобасы Мемлекет Басшысының Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. Жарлықта Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталып, әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді.

Сонымен қатар, Бюро отырысында Қазақстан мен Ресей арасындағы Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге ратификациялау туралы Заң жобасы ұсынылды.  

Сондай-ақ, ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар туралы келісімді және ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру туралы келісімге Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы Заң жобасын қарайды.

Бұған қоса, есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша Заң жобасына түзетулер екінші оқылымда ұсынылды.

Күн тәртібінде Палатаға бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгілеу бойынша заң жобалары ұсынылды. Олардың қатарына ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы, сондай-ақ,  ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары. Сонымен бірге, Қазақстан мен Бразилия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы Заң жобасы бар.