Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды — Антикор
Полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Павлодар облысы Полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен соталды тергеуді бастады (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша).
Осы факт бойынша оның іс-әрекеті сырттай сараланып, тергеу соты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасымен санкциялады», — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Мәсімовке іздеу жарияланған.
«Іс бойынша оның орналасқан жерін анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары және істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданады», — делінген хабарламада.
Өзге ақпарат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
2022 жылдың қаңтарында Нұрлан Мәсімов Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылған. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов департаментті 2019 жылдың қарашасынан бері басқарған.