Нұрлан Ермекбаев тағы бір оқ-дәрі қоймасын тексерді

0

Арыстағы жарылыстан кейін қорғаныс ведомствосы бақылауды күшейтті

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Отардағы оқ-дәрі қоймасын тексерді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Гвардейск гарнизонына жұмысы сапары аясында министр оқ-дәрінің қалай сақталғанын, жеке құрамның өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын қалай орындайтынын тексерді.

Тағы оқыңыз: Арыс аспанын қою қара түтін басты — видео

Әскери ведомство басшысына лауазымды тұлғалар зымырандар мен оқ-дәрілердің сақталу тәртібі, қару-жарақ, әскери және арнайы техниканың жай-күйі, тағы басқа материалдық-техникалық құрал-жабдықтар туралы баяндама оқыды.

Министр Ермекбаев әскери қойманың қауіпсіздік деңгейін арттыру, әскери қызметшілердің өртке және диверсияға қарсы қауіпсіздік ережелерін орындауы бойынша нақты тапсырмалар берді.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Ресми деректерге сүйенсек, оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан – екі әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын.

Тағы оқыңыз: Мамин Арыстағы жарылыстан кейін жөнделген үйде болды — видео

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.



sputniknews.kz