Нұрлан Әлімжан «Томирис» фильмі жайлы не ойлайтынын айтты

0

Мәдениет

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Әлімжанов «Томирис» фильмін отбасымен бірге тамашалаған. Айтуынша, кинотуынды оған қатты ұнапты, өте жақсы әсермен шыққан

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты, «Елбасы жолы» киноэпопеясында Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған актер Нұрлан Әлімжанов жуырда көрермендерге жол тартқан «Томирис» тарихи фильмі жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әлімжанов «Томирис» фильмін отбасымен бірге тамашалаған. Айтуынша, кинотуынды оған қатты ұнапты, өте жақсы әсермен шыққан. Десе де, актер фильмде Томиристің әкесінің кегін қайтарған сәтіне көрермендердің айызы қанбай қалғанымен келісті.

«Тез өлтіріп жіберді, жасыратыны жоқ. Жетпей қалған тұс әр кинода да болады. Бірақ, кейде созса, тағы да дәмі кетіп қала ма деп те ойлайсың. Тарихты бізден гөрі Ақан аға көбірек зерттеді. Қаншама кеңесшісі бар.  Томиристің мықтылығы әкесінен асып түскен деп айтады ғой, негізі», — дейді депутат Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында.

«Томирис» фильмі қалың көпшілікке жол тартқаннан кейін, кинокартинаны сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның «сайлауалды ролигі» дегендер де табылды.

«Мен бұл фильмді саясаттандырғым келмейді. Жалпы бұл біз дүниеге келмей жатып болған тарихи оқиға. Бала кезімде сүйіп оқитын кітаптарымның бірі. Мәселе онда емес. Қаншама қыз Томирис апасындай болғысы келеді. Бұл жерде әңгіме Дариға Назарбаева туралы емес. Мәселе «Томирис» фильмінің құндылығында, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін идеологиясы бар деп ойлаймын», — деген пікір білдірді актер.

Айтуынша, қазір қазақ қыздары жалаңаштанып, ойына келгенін жасап жатыр. Ал бұл туынды өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, қайсарлыққа, отбасы құндылықтарын сақтауға, өмірлік жарына адал болуға тәрбиелейді.

Тағы оқыңыз: «Томиристің» қазақшасы қайда?»: Ақан Сатаев халықтан кешірім сұрады

«Қыздарымыз қазақтың киімін киіп алып, омырауын көрсетіп, сүйкімсіз қылықтар жасап жүр. «Томирис» мұның барлығына өзінше тосқауыл болатын фильмнің бірі деп ойлаймын», — дейді ол.

Әлімжановтың ойынша, «Томирис» фильмі қазақтың бұған дейінгі кинокартиналарын басып озады.  

Осы орайда актер фильм кастингіне қатысқанын да атап өтті. Алайда белгісіз бір себептермен өтпей қалған.

«Гонорарымды айтудан ұялмаймын»

Актердің айтуынша, қазақстандық әртістердің көбі гонорарын айтуға ұялады. Ал Әлімжанов «жүрген жерінде тапқан табысын жасырмай айтып жүретін» жұлдыздардың қатарынан екен.

«Мен гонорарымды айтудан ұялмаймын. Мәселен, «Елбасы жолы» киноэпопеясы үшін әр жылдары әртүрлі алдым. Бұл туындыға мен бес жыл өмірімді арнадым. Жылына бір фильмнен түсіріп отырдық. Бастапқы гонорарым бір түсірілім күніне 100 доллар болды. Кейін бес жүзге, одан кейін мыңға дейін қосты», — дейді ол.

Әлімжановтың айтуынша, қазақстандық актерлердің жалақысы төмен, сондықтан оны көтеру керек.



sputniknews.kz