НҰРГЕЛДІ ӘБДІҒАНИ: Имам: Қазақтығың – екінші, мұсылмандығың – бірінші!

0

Нұрсұлтан ұстаз деген атпен елге танылған бұл кісіні әлеуметтік желіден көп көремін. Пайғамбарлар қиссасы, Ислам тарихы туралы уағыздарын Тик-Ток, You Tube-тан тыңдадым. ҚМДБ имамдарының стандартты уағыздары еді.

Әлгінде сол желіден бұл «ұстаздың» тағы бір қысқа видеосы (Reels) жылтың ете қалды. Бір подкастқа барыпты. Сонда сөйлеген сөзі болса керек. Бүйдейді:

«Ұлт — ұлтымен, бірақ Алланың алдында ұлт бірінші орында тұрмайды. Алланың алдында дін бірінші орында тұрады. Мысалы, қазақ ұлты, түркі ұлты қанекей деп, шақыра ма Алла сені?! Жоқ! Мұсылмандар деп шақырады ғой. Мұхаммедтің үмметі деп шақырады ғой… Атеист қазақты қалай шақырады?.. Сондықтан адам бірінші мұсылман, соны ұмытпауы керек. Ұлт екінші орында. Қазақ сен екіншісің… Сен бірінші Құдайдың алдындағы құлдық мәртебеңді біліп алу керексің,- дейді.

Ал не дейсіздер, бұған?

Нұрсұлтан Рысмағамбетұлы деген бұл кісінің фанаттары өте көп. Және олар күн санап өсіп келеді. Қараңыз:

Instagram-дағы парақшасына жазылғандар саны: 423 мың адам.

Тик-Токтағы «Нұрсұлтан Рысмағамбетұлы» деген аккаунттағы жазылуы саны: 13,8 мың адам.

You Tube-тегі әртүрлі арналардағы «Нұрсұлтан ұстаздың» сұхбаттары, уағыз-дәрістері, подкасттарының қаралымы: 20 мыңнан басталып, 1,5 миллионнан асады. «Ілім нұры» дейтін арнадағы уағыз-дәрістерінің орташа қаралымы 300 мыңның айналасында. Ең көп қаралғаны – 1,5 млн.

Әлгінде жыпырлаған адамның ортасында отырып уағыз айтып жатқан да осы кісі. Атыраудағы мешітте жұрт «Аллаху акбарлап» қарсы алып жатқан да осы кісі.

Осынша аудиторияны аузына қаратып отырған Нұрсұлтан Рысмағамбетұлы қанша жерден «әулиешалыс» адам болса да, бұл айтқанымен келіспеймін!

Кезінде Қазақстан үкіметінің «қазақстандық ұлт» деген жобасына есті жұрт өре-түрегеліп қарсы болған еді. Зиялылар қарсы сөз айтып, сол кездегі биліктілердің бетін қайтарған еді.

«Хит-имамның» мына айтқандары да сөз арасындағы сөз емес, дәл сол «қазақстандық ұлт» секілді саяси-идеологиялық сипаты бар жоба! Ұлтты екінші сатыға қою — оның мән-мағынасын жоққа шығару. Яғни, «сенің қазақ болғаның маңызды емес, мұсылман болғаның маңызды» деген бұл әңгіменің жалғасы — сенің дәстүрің мен салтың да, тілің мен ділің де, ұлттық болмыс пен табиғатың да, мәдениет, әдебиет, руханиятың да, бәрі-бәрі маңызды емес, мұсылман болғаның маңызды деп сабақталады!

ҚМДБ бұл адамға қатысты ләм-мим демесе, тыйым, тоқтау салмаса, шара қолданбаса, бұл қауіпті тенденция жақсылық әкелмейді!