Нұр-Сұлтанның іргесіндегі ауыл тұрғындары болашақ президенттен су өткізіп беруін сұрайды — Қазақстан жаңалықтары
Елордамыздың іргесінде ел егемендігін алғанына отыз жылға жуықтаса да, ауылдарының атын қазақшалауға қол жеткізе алмай, одан қалса ішетін ауызсуға жарымай отырған ауыл бар. Қыстың қақаған суығында да, күннің аптап ыстығында да ауызсу үшін сарылып кезек күткен Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Приречный ауылының тұрғындарымен Stan.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Прриречный ауылына көшіп келгелі бері ауызсудан тапшылық көріп келеміз. Жергілікті тұрғындардың дені есігінің алдынан 10-12 метр тереңдікте құдық қазған болатын. Өкінішке орай, шыққан судың дәмі ащы. Ас-суға қолдануға келмейді. Ауыл бойынша екі үйдің ғана суы дұрыстау шыққан-ды. Оның өзін қайнатып, кейін тұндырып ішуге мәжбүр болғанбыз. Мұның өзі көпшілігіміздің ағзамызға жақпады.
Араға біраз уақыт салып, жергілікті билік ауызсу мәселесін шешпекке бекінді. Сөйтіп, 2005 жылы ауылдың орталығынан құдық қазылды. Өкінішке орай, көшелерге кіргізілмеді. Әйтпесе, ауылда жер асты құбырлары бұрыннан бар. Әуелгіде халық судың 40 литрін 70 теңгеден, кейін 50 теңгеден сатып алып ішті. Қазір сол көлемдегі суға 2 теңгеден төлейміз. Бағасы қолайлы болғанымен, жергілікті жұртшылық ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр. Тіпті, кейбір күндері 3-4 сағат күтіп, ауызсуға әзер қол жеткіземіз», — дейді ауыл тұрғыны Айдос.
Дамыған отыз елдің қатарына кіруге ұмтылған тәуелсіз Қазақстанның кейбір ауылдарының бүгінгі сиқы осы. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін су кезегінде тұрып уақыт өткізуде. Ауыл жұртшылығының кейбірі ауыз су үшін біраз тер төгіпті де. 10-15 метр тереңдікті айтпағанда, арнайы машинаға 500 мың теңге көлемінде қаржысын төлеп, 35 метрге дейінгі тереңдікте құдық қаздырған үйлер де баршылық. Өкінішке орай, қанша тереңдікте қазылғанымен, ішуге жарамды су шықпапты.
Бүгінде Амангелді Өтепов басқаратын Преречное ауылының тұрғындары елімізде өткелі жатқан кезектен тыс сайлау барысында кандидаттар басқа мәселені айтпағанда, ең бірінші кезекте ауылдардың барлығын ауыз сумен қамту мәселесін алға қойып, оның оңды шешілуіне ықпал етсе деген тілектерін айтады.
Ауыл тұрғындары бұған дейін ауызсу мәселесін қозғағанда, жергілікті билік 2022 жылдың жоспарында тұрғандығын жеткізіпті. Дәл ол мерзімде мәселе оң шешімін таба қала ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Ал оған дейін қарапайым халықтың сырылдап аққан бір ғана су көзіне қарап, телміруіне тура келіп тұр.
Арнайы Stan.kz үшін
Ақмол облысынан
stan.kz