Нұр-Сұлтанның «Алматы» ауданына жаңа әкім тағайындалды
Ауданның жаңа әкімі 37 жаста, бұрын Қазақстан президенті әкімшілігінде жұмыс істеген. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполовтың кенже баласы
АЛМАТЫ, 19 мамыр – Sputnik. 37 жастағы Бектенбай Есполов Нұр-Сұлтан қаласы «Алматы» ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Қызметке тағайындау Қазақстан президенті әкімшілігімен және елорда мәслихаты депутаттарымен келісілді»,- делінген әкімдік хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда әкім қызметінен кетті
Бектенбай Есполов бұрын Қазақстан президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.
Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі он жылдан асады.
«Бектенбай Есполов – меритократия қағидатына сәйкес кеңсе сарапшысынан Қазақстан президенті протоколы бастығының орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өткен тәжірибелі маман», — деп атап өтті қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Бектенбай Есполов – Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполовтың төртінші баласы.
Тілектес Есполов – ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы. 2005 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.
Бұған дейін «Алматы» ауданының әкімі қызметін Әділбек Сәрсембаев атқарды. Ол «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болды.
sputniknews.kz