Нұр-Сұлтаннан Алматыға шыққан пойыз кері қайтарылды

0
27

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Пойыз тоқтатылған кезде ішінде 280 жолаушы болған. Оның 62-сі Нұр-Сұлтан-1 станциясында билеттерін кері қайтарған, ал қалған жолаушылар сол пойызбен астанаға қайтты

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар — Sputnik. Нұр-Сұлтаннан Алматыға шыққан пойыз шұғыл тоқтатылып, кері қайтарылды. Бұған пойыздағы техникалық ақау себеп болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«14 қаңтарда «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2» бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы техникалық ақауға байланысты «Бабатай-Аршалы» аралығында кідірді. Жолаушылар пойызы жүріп бара жатқанда «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Қарағанды бөлімшесінің Бабатай станциясының кезекшісі Қарлығаш Маусымбаева біртүрлі дыбыс естіген. Ол бұл туралы радиобайланыс арқылы пойыз машинисіне айтты. Пойыз сол мезетте шұғыл тоқтатылды», – деп хабарлады компания.

Пойызды тексеру кезінде вагонның дөңгелек жұптарының бірінен ақау анықталды. Бұл құрамның қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін еді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ ақауды жою кезінде вагон-мейрамханада жолаушыларға тегін ыстық тамақ беріп, билетін қайтаруға мүмкіндік жасады. «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2″ бағытына қатынайтын пойыз астанадан 2020 жылдың 15 қаңтары сағат 03.19-да жөнелтілген болатын», – делінген хабарламада.

Пойыз тоқтатылған кезде ішінде 280 жолаушы болған. Оның 62-сі Нұр-Сұлтан-1 станциясында билеттерін кері қайтарған, ал қалған жолаушылар сол пойызбен қайта жолға шықты.

«Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2″ бағытына қатынайтын пойызға Қарағанды станциясынан кесте бойынша 105 жолаушы отыруы тиіс болатын. Алайда пойыз кешіккендіктен, 96 жолаушыны Қарағанды арқылы өтетін басқа пойыздарға бөліп отырғызуға тура келді. Ал 9 жолаушы билетін қайтаруды жөн көрді», – деді компаниядағылар.

Тағы оқыңыз: Пойыз билеттері екі есе арзандайды: жеңілдікке кімдер ие болады?

Тасымалдау ережесіне сәйкес жолаушылар әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде өтемақы ала алады. Сондай-ақ, жол жүруден бас тартып, билет құның 100% қайтарып алуына да болады. Ол үшін жолаушы межелі станцияға келген соң кезекшіден пойыздың кешіккендігі туралы белгі алуы керек және жол ақысын алу үшін «Жолаушылар тасымалының» кассасына жүгінуі тиіс.



sputniknews.kz