Нұр-Сұлтанға Сирия бейбіт келіссөзінің қатысушылары келіп жатыр
Нұр-Сұлтанға Астана процесі аясындағы Сирия келіссөзінің 25-26 сәуірде өтетін 12-кезеңіне қатысуға тараптар келіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Министрлік таратқан мәлімдеме «Ресей президенттің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев — алғаш болып келгендердің бірі. Иран делегациясын сыртқы істер министрлігінің саяси мәселелер бойынша аға көмекшісі Әли Асгар Хаджи, Түркия тарапын сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал бастап келді» деп жазылған.
Процеске қатысуға келгендер арасында Сирия үкіметі мен қаруланған оппозиция делегациясы бар. Министрлік хабарына қарағанда, 12-кезеңге бақылаушы ретінде Иордания, БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссар басқармасы мен Қызыл крест халықаралық комитетінің өкілдері қатысады.
Сыртқы істер министрлігі «Астана процесіне алғаш рет қатысқалы жатқан БҰҰ бас хатшысының арнаулы елшісі Гейр Педерсен бүгін келеді» деп хабарлады.
Нұр-Сұлтан жоспарынша, 25 сәуірде — екі жақты, үш жақты кеңес беру жиындары, 26 сәуірде құжаттарды қабылдау үшін кеңейтілген жиын өтеді.
Астана келіссөзі 2017 жылы қаңтарда Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынып, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны қолдаған соң басталған. Нұр-Сұлтандағы Сирия бейбіт келіссөзі Женевадағы БҰҰ бастамасымен ашылған келіссөзден бөлек өтеді.
Келіссөз Сириядағы азаматтық соғысты тоқтатуды көздейді. Бұған дейін АҚШ Мәскеу мен Дамаскіні Астанадағы келіссөзден нәтиже шығара алмай отыр деп сынаған. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт келіссөзді «фарс» деп атаған.
Сыртқы істер министрлігі Астана процесін «тиімді» санайды.