Нұр-Сұлтанға келген жолаушыдан коронавирус анықталды

0

Нұр-Сұлтанға келген әуе жолаушысына коронавирус диагнозы қойылды. Бұл туралы KzNews.kz елорда әкімдігінің  ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қолында ПТР сынағының куәлігі жоқ әуе жолаушыларын карантиндік ауруханаға жедел жеткізу шаралары арқасында астаналық медицина қызметкерлері тұрғындар арасында инфекцияның таралуын болдырмады және науқасқа уақтылы көмек көрсетті», — делінген хабарламада.

Мәскеуден 30 жастағы ер адам ПТР анализінің сертификатысыз келгені атап өтілген. Әуежайдан бірден ол карантиндік ауруханаға жеткізіліп, қажетті зертханалық тексерулерден өтті.

Аурухана басшылығының айтуынша, науқастың тест нәтижелері тест алынғаннан кейін төрт сағаттан соң дайын болған. Жолаушы асимптомдық күйде және үй карантинінде оқшауланған. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық, шағым жоқ. Ер адамды оның тұрғылықты жеріндегі емхананың медициналық мамандары бақылайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін өткен демалыс күндері 189 жолаушы ПТР-сынамасыз Нұр-Сұлтанға келгені хабарланған болатын . Әуе айлағы әкімшілігінің хабарлауынша, 189 жолаушының барлығы карантиндік ауруханаға жіберілген.