Нұр-Сұлтандық екі полицей есірткі сату бабымен сотталды
Нұр-Сұлтан полиция департаменті есіркі бизнесімен күрес басқармасының бұрынғы басшысы М. Кантурин мен тергеу басқармасының бұрынғы тергеушісі М. Әзімхан «лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдалану», «героин өткізу» баптарымен сотталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
Хабарламада «2019 жылғы 29 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М. Кантурин және М. Әзімхан Қылмыстық кодекстің пара алу (366-3) бабымен, сондай-ақ Кантурин лауазымды адамның есірткі өткізу не сақтау (297-3), лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану (361-1) баптарымен кінәлі деп танылып, 10 және 8 жылға сотталды» деп жазылған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жазуынша, олар мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылған. «Сотталғандар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары және орташа түзеу колонияларында өтейді» дейді комитет.
Комитетке сілтеме берген ҚазТАГ агенттігі «сотталған екі азамат 2018 жылы тамызда ұсталған. Экс-полицейлер 658 грамм героин сатты деп күдікке ілінген» деп жазады.