Нұр-сұлтандық белсенділер биліктен қамалғандарды босатуды талап етті

0

27 желтоқсанда бір топ нұр-сұлтандық белсенді ішкі істер министрлігі ғимаратына келіп, 16 желтоқсанда бейбіт шеруге қатысқаны үшін қамалғандарды дереу босатуды талап етті. Жиналғандар «олар босқа қамауда отыр, жазықтары жоқ» деп санайды.

Жиналғандар ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың шығуын талап еткенімен, шықпады. Олармен Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев кездесті. Ол өзінің келу себебін «министрліктің кіреберісіне дейінгі жер Нұр-Сұлтан қаласына тиісті аймақ болған соң бақылауға тиіспіз» деп түсіндірді.

— Бұл кісілер сотталған жігіттерді 28-29 желтоқсаннан қалдырмай шығаруды талап етіп тұр. Мен оларға «сот пен прокурорға барыңдар» десем, олар «арыз жазамыз» дейді. Жақсы жазсын, қазір қабылдап аламыз. Министрдің қолы бос емес, ол кешкі сегізге дейін созылатын жиналыс өткізіп жатыр, — деді Бақытжан Малыбаев Азаттыққа.

Белсенді Айнұр Мырзалиеваның сөзінше, 31 желтоқсанда шығуы тиіс Болатбек Біләлов, Серік Асқаров, Айдар Сыздықов, Айдар Мүбараков, Айдос Өмірбеков, Дулат Ағәділ, Шалқар Тоғызбаевты екі күннен қалдырмай босатуды талап еткен белсенділер атынан ішкі істер министрінің атына арыз тапсырған. Бұдан бөлек, министрлікке келгендер белсенділерді 30 желтоқсанға дейін шығаруды талап еткен жеке арыздарын қоса тапсырып, үйлеріне тарады.

Нұр-Сұлтанда 9-10 желтоқсанда бір топ белсенді қамауға алынып, оларға 26-27 қарашада Нұр-Сұлтандағы Еуропа Одағы өкілдігі ғимаратының алдында бейбіт жиын өткізіп, Қазақстан билігінен адам құқығын сақтауды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткендері үшін «митингке заңын бұзды» деген айыппен 5-10 тәулікке қамауға алынған еді. Ал кейбір белсенділерге айыппұл салынған.

Ал 16 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан кейін билікке талаппен Ақордаға бет алған оннан астам белсендіні жолда полиция ұстап, кейін жазалаған.

«Бейбіт митинг заңын бұзғаны» үшін қамалған Азамат Талғатбеков, Нұрсұлтан Тастаев, Ербол Есхожин, Қайрат Сейітқалиев, Асылбек Серікбаев, Балтабек Бекежанов, Қуат Уәлиев, Серік Жахин, Айбек Сәбитов, Ахмад Таблетханов 25-27 желтоқсанда қамаудан босатылған.

Ішкі істер министрлігі 16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда 55 адам «заңсыз митингіге қатысты» деп ұсталды десе, құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп деп есептейді.

Azattyq