Нұр-Сұлтанды Балтабайды босатып, тәуелсіз кәсіподақты қудаламауға шақырды
Қазақстандық құқық қорғаушылар 31 шілдеде таратқан мәлімдемесінде билікті тәуелсіздік кәсіподақ белсенділеріне сот шығарған үкімнің күшін жойып, кәсіподақ туралы ұлттық заңдарды халықаралық талаптарға сәйкестендіруге шақырды.
17 шілде күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты «Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Ерлан Балтабайды жеті жылға бас бостандығынан айырған. Істің саяси астары бар деп санайтын Балтабай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Құқық қорғаушылары үкімді тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын басып-жаншу деп бағалаған.
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы, «Халықаралық құқықтық бастама» және «Либерти» қоры 31 шілдеде таратқан мәлімдемесінде Балтабайға шығарылған үкім «еңбек саласындағы бірлесу еркіндігі туралы халықаралық стандарттар мен қазақстандық заң нормасы өрескел бұзылғанын көрсетті» деп жазылған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, «билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын» жалғастырып отыр.
Мәлімдеме авторлары биліктің пәрменімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жетекшісі Лариса Харькова да «осындай ойдан құрастырылған айыптармен» сотталғанын айтады. Құқық қорғаушылар Балтабайдың «тәуелсіз кәсіподақ белсендісі ретінде және еркін бірлесу құқығын пайдаланғаны үшін» қудалауға түскенін айтып, оны дереу босатуды талап еткен.
Шымкенттегі сотта Балтабай өзінің үстінен сотқа жүгінгендердің шағымында көрсетілген қаражаттың кәсіподақ туралы жаңа заң талабына сәйкес қызметі тоқтатылған «Лайықты еңбек» кәсіподағының меншігі екенін, ал сотқа шағым түсірген жеке тұлғаның кәсіподақ жарнасын қайтаруды талап етуге хақысы жоқ екенін айтқан.
«Заңда кәсіподаққа мүшелерінен түскен ақша кәсіподақтың меншігі саналатыны және кәсіподақтың ол қаражатты пайдаланғанына байланысты қазіргі немесе бұрынғы мүшелерінің кез келген талабы заңсыз екені айқын жазылған» дейді мәлімдеме авторлары. Олар Халықаралық еңбек ұйымының №87 конвенциясына сәйкес, мемлекет пен шенеуніктердің кәсіподақ жұмысына араласуына тыйым салынатынын еске салған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар мәлімдемесінде билікті осыған дейін сотталған тәуелсіз кәсіподақ жетекшілері Лариса Харькова, Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың үкімдерін қайта қарауға және оларды ақтауға шақырған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа талаптарын айтып үндеу жолдаған. Құқық қорғаушылар билікті Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуге және конституция мен халықаралық міндеттемелерге сәйкес, жұмысшылардың биліктен тәуелсіз кәсіподақ құрып, оған өз еркі бойынша кіру құқығын қамтамасыз етуге шақырған.
Қазақстан билігі қылмыстық айып тағып, соттаған кәсіподақ жетекшілері Лариса Харькова, Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев өткен жылы Норвегияның Артур Свенссон атындағы беделді сыйлығымен марапатталған. Елден шығуына тыйым салынғандықтан олар сыйлықты тапсыру рәсіміне қатыса алмаған. Харькова әлі пробациялық бақылауда, түрмеден мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан Елеусінов пен Құшақбаевтың жүріп-тұруына шектеу қойылған.
Құқық қорғаушылар тобы маусым айында Халықаралық еңбек ұйымы аясындағы халықаралық еңбек конфедерациясы нормаларын қолдану жөніндегі комитет Қазақстанды өз есебінің арнайы параграфына енгізгенін және кәсіподақтар туралы заңды өзгертуді және еңбек қатынасы саласындағы бостандықтарды сақтауды ұсынып, қатаң ескерту жасағанын еске салған.
«Мұндай қатаң ұсыныстар орындалмаған жағдайда еңбек саласындағы бірігу еркіндігін сақтайтын дамыған елдермен Қазақстанның экономикалық қатынасы нашарлауы мүмкін» деп ескертеді мәлімдеме авторлары.