Нұр-Сұлтандағы жантүршігерлік апаттың себебі

0

Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда екі адамның өмірін қиған ірі жол апатының себебі бір ай ішінде анықталады. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. «Сергек» камераларынан сіздер де оның қалай жүргенін көрдіңіздер. Егер тежегіші істен шыққанда, жүргізуші апатқа жол бермеу үшін қандай да бір шараларды қолға алатын еді», — деді ол үкімет кулуарында.

Тұрғымбаев қазір медициналық сараптама жүргізіліп жатқанын, сол арқылы жүргізушінің неден көз жұмғаны анықталатынын атап өтті.

«Автобус та техникалық сараптамадан өтуде. Көліктің алдыңғы жағының быт-шыты шыққан. Бір ай ішінде жауабын береміз деп ойлаймын», — деп уәде етті министр.

Тағы оқыңыз: Әріптестері апаттан қаза болған жүргізуші жайлы айтып берді

Еске сала кетсек, 26 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды.Үш автобус соқтығысып, бірнеше автокөлікке, соның ішінде жедел жәрдем көлігіне де зақым келді.

Апат салдарынан 1966 жылы туған автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы көз жұмды. 36 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер, тіпті, бір жолаушының аяғын кесуге мәжбүр болған.



sputniknews.kz