Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы қашан аяқталады

0

Құрылыстың осы уақытқа дейін бітпеуіне Астана банкіндегі қаржының бұғатталуы себеп болған

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек астанадағы LRT құрылысы бойынша қандай тапсырма берілгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, осы аптада Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бойынша мемлекеттік комиссияның отырысы өтеді. Сол жерде қаралатын мәселелердің бірі – жеңіл рельсті көлік жүйесін (LRT) аяқтау.

«Иә, жобаның құрылысы созылып кетті. Проблемасы анық. Астана банкінде қаржы болған, оны бұғаттап тастады. Қазір қала әкімдігі осы ақшаны қайтарғалы жатыр. 80 миллиард теңгеден астам қаражат бұғатталып тұр. Осыған байланысты LRT-ның құрылысы уақытша тоқтатылған болатын. Президенттің тапсырмасы — нысанның құрылысын аяқтау», — деді Қасымбек үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мемлекеттік комиссияның отырысында қала әкімдігі LRT-ның құрылысын аяқтау жолдарын ұсынатын болады. Жоспар бойынша бұл нысан келесі жылдың аяғына дейін салынып бітеді.

Тағы оқыңыз: Автопарктердің табысы өскен: Нұр-Сұлтанда бір жылда не өзгерді?

Өткен аптадағы үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы LRT-ның құрылысын сынға алған еді. Ол үкімет пен елорда әкімдігіне осы мәселеге нүкте қоюды тапсырып, жобаны ұсынған тұлғалардың жауап беруін талап етті. Мемлекет басшының айтуынша, осыған қатысты парламент депутаттары да өз пікірін білдіруі қажет.

Айта кетейік, LRT — Нұр-Сұлтанда салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі. Ол Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен «Нұрлы жол» темір жол вокзалын байланыстыруы тиіс.



sputniknews.kz