Нұр-Сұлтандағы бақылаушылар дауысты қайта санауды талап етті

0

Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауында Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысын бақылаған бірқатар қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен тәуелсіз бақылаушылар тобы сайлаудың ресми қорытындысымен келіспейді. Бұл туралы 11 маусымда Нұр-Сұлтанда мәлімдеген олар бюллетеньдерді қоғам өкілдерінің қатысуымен қайта санау қажет деп біледі.

— Қолымызда 117 хаттама бар, бәрінде мөр басылған, қалғанын бізге берген жоқ. Біздің есебіміз бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 54 пайызы, Әміржан Қосанов — 37 пайызы дауыс берген, — деді «Тәуелсіздік таңы — Желтоқсан» ұйымының жетекшісі Нұрлан Есқалиев.

Сонымен бірге ол бақылаушылар қолында дауыс беру барысында анықталған заңбұрмалаушылықтар туралы толтырылған 19 акт барын айтты.

Бақылаушылар Орталық сайлау комиссиясы мен прокуратурадан Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскелеріндегі бюллетеньдерді қайта санауды талап етеді. Бұған қоса бақылаушылар өздері анықтаған заңбұзушылықтар жайлы сотқа жүгінетінін айтты.

Орталық сайлау комиссиясы 10 маусымда жариялаған ресми мәліметке сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 275 мыңнан астам сайлаушы (59,19 пайызы) «Нұр Отан» партиясы кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдірсе, «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұсынған кандидат Әміржан Қосановқа 91 мыңнан астам (19,57) сайлаушы дауыс берген.

ОСК дүйсенбі күні президент сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялап, сайлаушылардың 70 пайыздан астамының қолдауына ие болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жеткенін хабарлаған. Әміржан Қосановқа сайлаушылардың 16 пайыздан көбі дауыс берген.

Ал «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» кандидаты Жамбыл Ахметбеков 167 мыңнан астам (1,82 пайыз), сайлауға түскен алғашқы әйел кандидат, «Ақ жол» партиясы өкілі Дания Еспаева — 465 мыңнан аса (5,05 пайыз), «Ауыл» партиясы кандидаты Төлеутай Рақымбеков — 280 мыңнан астам (3,04 пайыз), «Қазақстан кәсіподақтар федерациясы» кандидаты Амангелді Таспихов — 189 мыңға жуық (1,98 пайыз) және «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі өкілі Сәді-Бек Түгел – 85 мыңға тарта (0, 92 пайыз) дауыс алған.

Azattyq