Нұр-Сұлтандағы автобус апаты кезінде жолаушыларды құтқарған жүргізуші: Екі адам қысылған күйі қалды  — Қазақстан жаңалықтары

0

Бақдәулет Әлібек — Нұр-Сұлтандағы №303 бағыттағы автобустың жүргізушісі. Үш автобус соғысқан күні қарсы бағытта келе жатқан ол көлігінен түсіп, көмекке мұқтаж жолаушыларға асыққан. Сөйтіп өз салонындағы азаматтармен бірге 30-ға жуық адамды сыртқа алып шыққан. 

Нұр-Сұлтандағы автобус апаты кезінде жолаушыларды құтқарған жүргізуші: Екі адам қысылған күйі қалды 

Бұл туралы 7-арнаның «Өз ойым» бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды. 

«Біз, автобус жүргізушілері бір-бірімізге қарап, ишарат білдіріп өтеміз. Мен ана кісіні көрдім. Қатты келе жатты, соғысып қалды. 

Автобусымды шетке қойып, авариялық белгісін қостым. Өзімнің салоныма қарадым. Жолаушылар арасында үлкен жігіттер бар екен. Соларды көмекке шақырдым. Үш жігіт шықты», — дейді Бақдәулет.

Ол автобус паркіне жүргізуші болып жақында ғана орналасқанын айтты. Бақдәулет техникалық қауіпсіздік ережесі бойынша, бірінші кезекте автобустағы тоқты өшіруге асыққан. Алайда қатты соққыдан масса жарамай қалған, өшіруге келмеді, дейді өзі. 

«Біраз тұрса, автобус өртенер еді. Алдыңғы есігі мыжылып кеткен. Артқы есігін сындырып аштық. Балалар да шок. Ішке кіргеніміз сол, адамдар «құтқарыңызшы, көмектесіңізші» деп айқайлады. Бәрі жерде жатыр. Қан енді айта алмаймын. Өзім де қорқып қалдым. Адамдарды 10-15 метр жерге алып шықтық. Кейбірі өздері естерін біліп шығып жатты. Автобустың артында отырған екі кісі қысылып қалған. Орындықты тарттық, шығара алмадық. Ол екеуі сол айқайлаған күйі қалды. Жедел жәрдем тез келді. Алғашқы көмекті көрсеткен соң, өзімнің жұмысыма оралдым. Басшылыққа ескерттім, жолаушыларымнан кешірім сұрадым», — дейді Бақдәулет.

Бақдәулеттің айтуынша, халық көп жағдайда бар дүниеге жүргізуші мен кондукторды кінәлайды. Алайда өз әрекеттеріне мән бермейді. 

«Бүкіл негатив жүргізуші мен кондукторға төгіліп жатыр. Бірақ халықтың да сана-сезімін ескеру керек. Қазір барлық халық ашумен, нервпен жүреді. Үйінде ұрысып шықса да, бар ақысын жүргізуші мен кондуктордан алады. Бірақ жүргізуші мен кондуктор да сіздер сияқты адам», — дейді Бақдәулет Әлібек.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

stan.kz