Нұр-Сұлтандағы алғашқы матчта Қазақстан Ресейден ойсырай ұтылды
Қысқа сілтеме алу
Ойындағы төрт голдың екеуін ресейлік Денис Черышев соқса, бір голды Ресей құрамасына қазақстандық Абзал Бейсебеков сыйлады
НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз — Sputnik. Еуро-2020 чемпионатының іріктеу туры аясында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстан – Ресей» матчы 0:4 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.
Бірінші таймда Ресей командасының шабуылшысы Денис Черышев екі гол салып, дубль жасаған болатын. Кездесудің алғашқы жартысы аяқталғанға дейін осы есеп өзгермеді.
Қазақстан қақпасына алғашқы голды Черышев 19-шы минутта соқты. Жартылай қорғаушы Алексей Ионов оң жақтан алға қарай құйындай зымырап, Черышевқа керемет пас бергенде, шабуылшы жойқын соққы жасап, допты қақпаға дәл түсірген.
Бірінші таймға қосымша берілген уақытта Денис Черышев Артем Дзюбаның пасынан гол салды.
Екінші таймның басында (62-ші минут) қазақстандықтар қақпасына шабуылшы Артем Дзюбаның өзі де гол соққан.
Ал төртінші ұпайды өз қақпасына өзі автогол жасаған Абзал Бейсебеков ресейліктерге сыйға тартты.
Осылайша Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы матчында Қазақстан Ресейден ойсырай ұтылды.
Ойынды тамашалауға «Астана Арена» стадионына 29 582 көрермен жиналған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Асқар Мамин де құрамаға қолдау көрсетуге барды.
Айта кетсек, Қазақстанның футбол командасы бұдан бұрын Шотландия құрамасын 3:0 есебімен ұтып, ел мерейін үстем қылған болатын.
sputniknews.kz