Нұр-Сұлтанда жаңа аудан әкімі тағайындалды

0

Елорда әкімдігінің қызметкерлері Байқоңыр ауданының жаңа басшысы Нұрбол Нұрсағатов тәжірибелі маман екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Бүгін президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Нұрбол Нұрсағатов Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі болып тағайындалды.

«Нұрбол Нұрсағатов – меритократия қағидасына сәйкес жетекші маманнан бастап, комитет төрағасының орынбасары, басқарма басшысы лауазымына дейінгі жолдарды өткен тәжірибелі маман», — деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа аудан әкімі туралы не білеміз?

Нұрбол  Нұрсағатов 38 жаста.

Еңбек жолын 2004-2005 жылдары индустрия және сауда министрлігінің құрылыс комитетінде жетекші маман, бас маман болып бастаған.

2005-2008 жылдары қала әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында бас маман, бөлім басшысы, директор орынбасары болған.

2008-2011 жылдары – Астана қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары;

2011-2012 жылдары ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.

2014-2019 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің көлік және автомобиль жолдары басқармасына, Алматы қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасына және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау басқармасына басшылық жасады.

Бұрынғы әкімге не болды?

Елорданың «Байқоңыр» ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есілов пара алды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ақпаратты растады.

Оған жекеменшік компания өкілінен «Байқоңыр» ауданын абаттандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарды алуға жәрдемдескені үшін пара түрінде iPhone-ның соңғы нұсқасын алды деген айып тағылды.

 



sputniknews.kz