Нұр-Сұлтанда ұсталғандар полиция әрекетіне шағымданды

0

19 маусымда Нұр-Сұлтанда сайлау күні және одан кейін ұсталған бір топ азамат жиналып, бейбіт жиналу құқығы мәселесін талқылады. Жиынға құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова да келіп қатысты.

9-10 маусым күндері изоляторға қамалғандар мен айыппұл алғандар сот пен прокуратураға шағым жазғандарын айтты. Олар полицияның әрекеті мен сот шешімін заңсыз деп тануды сұраған. Жазаға тартылғандар «ар- намысымыз аяққа тапталды, заң орындары бізді күн-түн демей соттады, ендеше бізді толық ақтауға да уақыт тапсын» деп шағымданды.

Баспасөз конференциясын ұйымдастырған жалғызбасты ана Бибігүл Тұяқованың айтуынша, қазіргі кезде шағымданушылардың тізімі жасақталып жатыр. Ол наразылық кезінде зәбір көрген азаматтарға моральдық өтемақы берілуі тиіс деп санайды. Тұяқованың өзін полиция 9 маусымда үйінен ұстап алып кетіп, 50 мың теңге айыппұл салған.

— Cот шешімімен келіспейтіндер апелляциялық шағым береді және ар- ұятыма, іскерлік абыройыма нұқсан келді деп арызданады. Өйткені олардың бәрі қайтадан қалпына келтірілуі тиіс,- дейді ол.

Сотқа шағымданғандардың бірі — кәсіпкерТөлеубек Өмірзақов. Оны 9-маусымда Нұр-Сұлтандағы Республика көшесі бойынан дүкеннен бал сатып алуға кетіп бара жатқан жерінен ұстап алып кетіп, бес тәулікке қамаған. Ол жазасын Шахтинск қаласында өтеп шыққан.

— Сөзімді сотта ешкім тыңдамады. Митингке шықты, ұран көтерді деп хаттаманы оқыды. Түрмеде бізді аса қауіпті қылмыскердей ұстады, дәрет сындыратын жерге де камера тұрды, — деп шағымданды ол.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні және одан кейін елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар сайлау және оның нәтижесіне қарсылық білдірді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, митингілер кезінде республика бойынша төрт мыңға жуық адам ұсталған. Министрдің айтуынша, полиция үш мың азаматты үш сағат ұстап, ескертумен босатқан. Ал 677 адам сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған, 305 адамға айыппұл салынған.

12 маусымда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы «Бейбіт шеруде наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне қайшы» деп мәлімдеді. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырды.

Azattyq