Нұр-Сұлтанда сот залынан видео жарияланғаннан кейін екі адвокат лицензиясынан айрылды

0

Нұр-Сұлтан қаласының екі соты 26 ақпанда әділет министрлігінің азаматтық шағымын қанағаттандырып, адвокаттар Ерлан Ғазымжанов пен Аманжол Мұхамедьяровты адвокат лицензиясынан айырды. 26 ақпанда таңертең Есіл аудандық сотында — әділет министрлігінің Мұхамедьяровтың үстінен түсірген шағымына қатысты сот шешімі, Сарыарқа аудандық сотында Ғазымжановқа қатысты сот шешімі оқылды.

2019 жылы тамыз айында Мұхамедьяров пен Ғазымжанов Facebook-та ашық сот процесінен түсірілген видео жариялаған. Онда №2 Алматы аудандық сотының судьясы Гүлжахан Убашеваның прокурорға дауыс көтеріп, айыптау тарабының позициясына наразы болғаны көрінеді. Кейінірек сот одағының сот әдебі жөніндегі бөлім комиссиясы «судья сот әдебі кодексіне қайшы әрекет етті» деген тұжырым жасады.

Бұдан кейін судья Убашева әділет департаменті мен әділет министрлігіне шағымданды. Ізінше аталған департамент пен министрлік Ғазымжанов пен Мұхамедьяровтың сот процесінен түсірілген аудио-видеожазбаны таратуға құқығы болмағанын айтып , сотқа шағымданды. Шағымда сот процесіне қатысушылардың соттан аудио-видеожазбаны таратпау міндет алатыны туралы департаменттің бұйрығы да көрсетілген.

Шағым иелері сонымен бірге адвокаттар әлеуметтік желіде «сот жүйесінің беделін түсіретін» жазбалар жариялады деп жазған.

Сот шешімін түсіндірген Есіл аудандық сотының судьясы Эльмира Мырзатаева жауапкер «азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзды», «аудио-видеожазбаны Facebook-қа салғанын жоққа шығармады» деді.

Ал соттан кейін адвокат Аманжол Мұхамедьяров әріптестерімен бірге апелляциялық шағым дайындайтынын айтты.

— Екі соттың да осындай шешім шығаратынын білгенбіз, сот шешімін оқу да бір уақытқа белгіленді, — деді адвокат.

Нұр-Сұлтандағы әділет департаментінің бас маманы Әлішер Тағайбек комментарий беруден бас тартты.

Адвокаттарды қолдайтын жақтастары сот шешімін «әділетсіз» деп сынайды. Кейбір әріптестері олардың «қоғам қолдауына зәру» екенін айтты.

Azattyq