Нұр-Сұлтанда сот шешіміне наразылар «Нұр Отан» ғимаратында аштық жариялап отыр

0

10 ақпанда Қазақстанның әр өңірінен келген қырықтан астам адам «Нұр Отан» партиясының Нұр-Сұлтандағы орталық аппараты кеңсесінде аштық жариялап отыр. Олар сот шешіміне наразы.

Наразылар қолына орыс тілінде «Аштық» деген жазуы бар қағаз ұстап, кейбірі маңдайына сондай жазумен орамал тағып алған. Жиналғандар Азаттыққа «бәріміздің қайғымыз соттың жалған шешімдері болып отыр» деді.

Атырау, Ақтау, Павлодар, Көкшетау, Алматы қаласынан келген 42 адамның проблемасы әр түрлі. Олардың сөзінше, бірі үйінен, екінші дүниесінен айырылса, енді біреуіне сот шешімімен миллиондаған қарыз төлеу шешімі шыққан.

Атырау облысынан келген Шыныбек Күшәлиев Нұр-Сұлтанға жолпұлды әзер тапқанын айтады.

— Қашанғы бұлай жүреміз? Қазір мұнда келгендердің бәрінің шоты жабық, мүліктері бұғатта тұр. Жоғарғы сотқа жіберген арыздарымыз қарала ма, жоқ па белгісіз. Неде болса соңғы шайқасқа келгендей болып, аштық жариялап отырмыз, — деді ол.

Оның сөзін қоштаған павлодарлық Асхат Асқаров «біздің талабымыздан үкімет еш зиян шекпейді. Тек судья істі қарап, қатесін мойындаса болды» дейді.

Жиналғандар сағат кешкі сегіз болса да, ешқайда кетпеді.

— Бізді [президент] Қасым-Жомарт Тоқаев мырза естіп, президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановқа біздің конституциялық құқымызды қорғап, ведомствааралық жұмыс тобын құруды міндеттеуді сұраймыз, — дейді жиналғандар.

Наразылармен «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сақтаған Сәдуақасов сөйлесті. Бірақ ол Азаттықа комментарий беруден бас тартты.

Cот шешіміне адамдардың топтасып наразылық білдіруі былтыр бірнеше айға жалғасқан еді. 2019 жылдың 9 мамырында және 4 маусымда «сот шешімін заңсыз» деп санаған ондаған адам «Нұр Отан» партиясының астанадағы бас ғимаратына жиналған еді. Олар сол кездегі президентке кандидаттыққа түсіп жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етіп, мәселелерін шешетін арнайы комиссия құруды сұраған. Кейбірі партияның ғимаратында қонып қалған еді. Ол кезде Тоқаевтың басқа өңірде жүргені хабарланып, наразылармен «Нұр Отан» партиясы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездесіп, «мәселелерін қарау үшін арнайы комиссия құрылады» деп уәде еткен. Бірақ сот шешіміне наразылар президент сайлауы өткен соң мұның бәрі «бос әңгіме» болып қалғанын айтады.

Azattyq