Нұр-Сұлтанда сот қызметкерлері коронавирус жұқтырғаны рас па?

0

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, елорда соты жұмысын  тоқтатқан жоқ, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауысқан

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының соты өз қызметкерлерінің коронавирус жұқтырғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласы сотының қызметкерлері коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды, жалған», — делінген ресми хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, елорда соты жұмысын тоқтатқан жоқ. Қашықтықтан істеп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев Германияда коронавирус жұқтырды деген ақпарат тараған еді. Осыдан кейін елордада ауруға шалдыққан 14 науқас қалалық соттың қызметкерлері екені, вирусты сот төрағасының көмекшісінен жұқтырғаны туралы қауесет тарады.

@yyedilov каналында Бәрпібаевтың Еуропада ем алып жатқаны хабарланды. Кейбір дереккөздің мәліметінше, судья жекеменшік ұшақпен Германияда тұратын ұлына ұшып кеткен. Қасында әйелі мен қызы, бір судья және тағы үш жолаушы болыпты-мыс.

Коронавирус эпидемиясы

18 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті. Оның он сегізі – Нұр-Сұлтан қаласында, он жетісі – Алматы қаласында.

Тағы оқыңыз: Карантин кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматыға кімдер кіре алады

Індеттің басқа қалаларға таралуына жол бермеу мақсатында екі қалада 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин жабылады. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатылады.

Екі қалаға тек сол жерде тіркелген азаматтар ғана кіре алады.

16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, режим отыз күнге созылады.



sputniknews.kz