Нұр-Сұлтанда салынып жатқан үйден құрылысшының мәйіті табылды

0
398

Елордада жаңа салынып жатқан үйден құрылысшының мәйіті табылды. Полицияның дерегінше, жұмысшы жоғарғы биіктіктен құлап түскен.

Марқұмның туыстары бұған құрылыс алаңында техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы себеп болды деп отыр.

Қайғылы жағдай түскі 11-12-лердің шамасында болған. Құрылысшы сол сәтте жоғарғы қабатта жұмыс істеп жатыпты. Кенеттен құрылыс материалы сынып, жерге құлап түскен, деп хабарлады «Астана» арнасы.

Өкінішке орай, марқұм тілге келместен, бірден жан тапсырыпты. Суыт хабарды естіген марқұмның ағасы оқиға орнына дереу жеткен. Айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс істейтін бірде-бір адам болмапты. 3 сағаттан бері оқиға болған жерде жүрген туысы компания өкілдері төбе көрсетпегеніне налыды. Ол жұмыста техникалық қауіпсіздік сақталмағанына ашулы.

«Апалкамен бірге құлаған. Соған ілініп тұрған дейді, өзім көрген жоқпын. Ешқандай қауіпсіздік сақталмаған. Ол бірінші қабатты жұмыс істейтін бала ғой. Үстіне  шығу үшін корточкасы болуы керек екен. Қауіпсіздік сақталған, ремень болған дейді. Ол ременьді құлағаннан кейін де іле салуға болады», – дейді марқұмның ағасы Сәби Қуанышбаев.

Опат болған азамат үйдің үлкені екен. Отбасын асырап отырған да осы бала еді деп күйінді туысы. Соңғы рет інісін осыдан бір ай бұрын көргенін жеткізді. Жалпы, марқұм құрылыс саласында 3 жылдан бері жұмыс істеген. Қазір құрылысшының денесі мәйітханаға жеткізіліпті.

«Әке-шешесін асырып отырғаннан кейін міндетті түрде моралдық шығынын талап етеміз. Енді оларды кім асырайды», – деп күйінді Сәби Қуанышбаев.

Құрылыстың мердігері «Мейірім» компаниясы. Өзін директордың орынбасарымен деп таныстырған азамат, қауіпсіздік талаптары сақталған деп ақталды. Бірақ оған ұқсамайтын сияқты. Әр қабатқа ілінетін тор жоқ, тіпті сымдары да ашық-шашық жатыр. Дегенмен жауапты мекеме өкілі, құзырлы орган өкілдері кінәлі деп тапса, оны өз мойнына алуға дайын екенін жеткізді.

«Бүкіл мәселені заң тұрғысынан шешсін. Қарайық, қазір зерттеулер жүргізіліп жатыр. Өйткені, заң бойынша тергеу комитеті қандай үкім шығарады, сол үкім бойынша жауап беруге дайынбыз», – деді мердігер компания басшысының орынбасары Ерлан Әлиев.

Қалалық құзырлы орган өкілдері қайғылы жағдайға байланысты тергеу жұмыстарын бастап кетіпті. Қазіргі таңда куәгерлерден жауап алынуда. Қай бап бойынша іс қозғалатыны әзірге белгісіз.

Белгілі болғандай, бұл құрылыс алаңында 60-қа тарта құрылысшы жұмыс істейді екен. Қайғылы жағдайдан кейін құрылыс уақытша тоқтатылған.

Айта кетейік, мердігер компания қайтыс болған жігіттің денесін туған жеріне жеткізуге көмектеспекші. Сондай-ақ жерлеу рәсіміне кететін шығындарды көтеруге уәде етті.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету