Нұр-Сұлтанда қызмет барысында көз жұмған полицейдің әйелі әділдік іздейді

0

Үш баланың анасы күйеуінің өліміне қатысты әділдік іздеп елордаға келді.

Нұр-Сұлтанға Ақмола облысынан әділдік іздеп келген келіншек биліктегілерден көмек сұрады. Меруерт Садықованың учаскелік полицей болған күйеуі осыдан сегіз ай бұрын жол апатынан көз жұмған екен. Бірақ біршама уақыт өтсе де, тергеу дұрыс жүргізілмей, күдікті бостандыққа жіберілген.

«Осы 8 айда көрмеген қорлығым жоқ. Әлі күнге дейін жолдасым істеген жерінен бір кісі көмек беріп, көңіл айтқанда емес», – дейді келіншек.

Меруерт Садықова соңғы сегіз айда көз жасын талай төккен. Өйткені өткен жылдың қарашасында Ақмола облысындағы Бастау ауылдық округінде учаскелік полицей болған күйеуі Мәди Садықов қызмет бабында жол апатынан көз жұмған. Жергілікті құзырлы органдағылар тергеуді шала жүргізіп, күдікті жазаланбаған. Тіпті бостандыққа жіберіпті. Осыған ашынған келіншек әкесіз қалған үш баласымен елордаға келіп, жанайғайын жеткізді.

«Түнде жұмысқа шақырып, 1:40 кеткенде сөйлестім.  «Мен вызовқа бара жатырмын” деген. Содан кейін екі жарымды бірдеңе сезгендей болдым. Сағат үшке қарай хабарласқанда ешкім алмады. Жолдасымның соткасын көрген емеспін, маған көрсеткен де жоқ. Формасын бес айдан кейін түсіме кіре бергесін, моргтан таптым», – дейді марқұмның әйелі Меруерт Садықова.

10 жылдан астам полиция сапында қызмет еткен Мәди Сыдықов сол түні қызмет көлігінің орнына жеке темір тұлпарымен «шақыртуға» кетіпті. Себебі жұмысы берген техниканың қысқы дөңгелектері болмай, оны жөндеу пунктіне тапсырған екен. Сол себепті ме, әлде жазмыш па, ауылға 500 метр қалғанда инспекторды 31 жастағы жүк көлігін тізігіндеуші келіп соққан. Жесір қалған келіншек облыстық полиция басшылығы қызметтік көлікке артық шығындалмайтын еді  дейді. Сондай-ақ учаскелік полицейдің әріптестері оған ақша ұсыныпты.

«РОВД-ның кадр бөлімінің бастығы Саликов Әділбек Даниярұлы мені шақырып алып РОВД-ға, видеоға түсіріп, істемегендері жоқ. «Жолдасың сол күні мас болған, әріптестер бәрі көрген» деп қорқытты. Ол кісі маған ақша ұсынды. Осы істі жылы жауып қояйық, осы ақшаны ал, жүк көлігінде болған 8 тонна тауарды мойныңа арқалап қоймағанына қуан деп қорқытты”, – дейді келіншек.

Бірақ көз жұмған полицейдің әкесі баласының рөлге ащы су ішіп отырғанына сенбейді. Ол түнгі 2-лер шамасында болған жол апатына арнайы мамандардың таң ата баруына күдікпен қарайды.

Марқұмның анасы баласының осылайша көз жұмғанын естіп, комаға түсіпті. Қазір жақындарына танымайды екен.

Қайрош Қадыров жүк көлік иесі мен ұлының әріптестері апат сызбасын да өздерінше өзгерткеніне сенімді. Әділдікті Елордадан іздеген марқұмның әкесі президентке хат та жазыпты.