Нұр-Сұлтанда қырық шақты әйел Тоқаевтың шығуын талап етіп жатыр

0

21 қаңтарда түстен кейін Нұр-Сұлтанда «Астана Опера» театрының алдына 40-50 шақты әйел жиналып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығуын талап етті. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналардың басты талабы — баспана мәселесін шешіп беру. Олар «үкімет әрі қарай жеке меншікке өткізіп, сатып алатындай баспанамен қамтамасыз етсін» дейді.

Жиналғандардың кейбірінің қолында «Мүгедек балаларға баспана берілсін!», «Мүгедек баслаға баспана керек» деген жазуы бар плакаттар болды. Олар «Тоқаев!» деп айқайлады.

Бүгін сағат 15:00-де «Астана Опера» театрында өтетін Абайдың 175 жылдығының ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп айтылған еді. Аналар президенттің ғимараттан шығып, аналардың сұрақтарына жауап бергенін қалайды. Дегенмен президенттің ашылуға келгені-келмегені белгісіз.

Әйелдер «министрлікке барып, кездесу өткізу туралы ұсынысты қабылдаған жоқ». Олар «биліктің уәдесінен мезі болғанын» айтады. Оларды театр ғимаратының сыртында омон жасақтары бөгеп, әрі қарай өткізбей тұр.

Аналарды "Тоқаев бар" делінген театр ғимараты жаққа қарай өткзібей тұрған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2020 жыл.

Аналарды «Тоқаев бар» делінген театр ғимараты жаққа қарай өткзібей тұрған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 21 қаңтар 2020 жыл.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мұнда 40-50 шақты арнайы жасақ өкілі бар және алты автобус тұр.

— Қызым екінші топ мүгедегі. Баспана кезегіне 2014 жылы тұрғанмын. Міне, әлі жүрміз. Жұмыс істемейміз. Екеуіміз ғана тұрамыз. Жалғызбасты анамын. Күйеуім қайтыс болып кеткен. Баспана мәселесін айтып, бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Балам 23-те. Жәрдемақы алмаймын. Бұған дейін барып едім, үш айлық зейнетақыны есептеді де, 47 мың теңге сізге жетеді деп айтты. Пәтер жалдап тұрамыз. Балаларымды қарау керек. Еркін қозғала алмайды, сөйлей алмайды. Ай сайын 30 мың теңге төлейміз. Бұған қоса, жарықты төлеу керек. 47 мың теңге неге жетеді? — деді Жақсыгүл Асанова есімді тұрғын Азаттық тілшісіне.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq