Нұр-Сұлтанда қайда шомылуға рұқсат етілген
Редиссон қонақ үйінің маңындағы жағажайда, «Три пескаря» және «Күйген Жар» демалыс орындарында ғана шомылуға болады
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда тұрғындардың шомылуына арналған орындар анықталды. Құтқарушылар шомылу маусымына дайын, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр, қала аймағындағы барлық 15 су қоймасы тексерілді. Тек үшеуі ғана жүзуге жарамды деп танылды, қалғандары өмірге қауіпті.
«Нұра-Есіл» каналында шомылып жүрген 4 бала суға батып кетті
Қаланың ТЖД-нің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Эльдор Райымбековтың мәліметінше, Нұра-Есіл арнасы, Есіл өзенінің ағыны, сонымен қатар Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің ағыны жүзуге жарамсыз саналады. Қаладағы су бұрқақтары да шомылуға арналмаған.
Редиссон қонақ үйінің маңындағы орталық қалалық жағажайда, сонымен қатар «Три пескаря» және «Күйген Жар» демалыс орындарында ғана шомылуға рұқсат етілген.
«Рұқсат етілмеген жерлерге тыйым белгілерін, ақпараттық стендтер орнатамыз. Статистика бойынша қайғылы жағдайлар дәл осы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде тіркеледі», — деді Эльдор Райымбеков.
Балалардың қатысты қайғылы жағдайлардың санын азайту үшін жазғы демалыстың алдында қаланың барлық мектебінде құтқарушылар жаттығу-сабақтар мен дәрістер өткізеді.
«Тек рұқсат етілген орындарда шомылуды, су қоймаларының жанында баланы қараусыз қалдырмауды, су қоймаларының маңында демалған кезде спирттік ішімдік қолданбауды, сонымен қатар, балықшылардан балық аулау кезінде құтқару жилетін киюді сұраймыз», – деп түйіндеді Райымбеков.
sputniknews.kz