Нұр-Сұлтанда полиция өкілі Азаттық тілшісінің телефонын тартып алды

0
100
Сурет: Диляра Иса

Нұр-Сұлтанда Азаттық тілшісі Сәния Тойкен құқық қорғау органдары өкілдерінің наразыларды ұстауын түсіріп жатқан кезде, телефонын тартып алғанын хабарлады.

Астанада жексенбі күні түстен кейін полиция бірнеше белсенділерді ұстады. Оларды микроавтобусқа отырғызып алып кеткен. Тойкеннің хабарлауынша, осы оқиғаны түсіріп жатқан кезде, артынан ер адам келіп, телефонын тартып алған.

«Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенділерді үйінің алдынан ұстап, автобусқа салды. Нұрдәулет есімді полицей менің телефонымды күшпен тартып алды. Телефонның сыртқы әйнегіне зақым келді», – деп жазды Тойкен Facebook парақшасына. Полиция өкілі телефондағы түсірілген видеоны өшіріп үлгерген.

Нұр-Сұлтанның полиция департаментінен пікір алуға мүмкін болмады. Баспасөз қызметі жауап бермеді.

Тәуелсіз бақылаушы Қуандық Көмекбаев таңертең Азаттық тілшісіне үйінің алдында полиция өкілдері тұрғанын хабарлаған. Журналист оқиғаға көз жеткізу үшін, бақылаушының үйіне барған.

Өткен айда 56 жастағы Көмекбаевтың пәтеріне полиция тінту жүргізген. Сайлау күні таңертең белсенділер Марат Мұсабаев, Мұратбек Төлеген және Асхат Дастанов Көмекбаевтың үйіне барып, бәрі дауыс беруге бірге бармақ болған. Бірақ оларды сол жерден полиция ұстады.

10 қаңтарда Қазақстанда парламент сайлауы өтіп жатыр. Қазақстанның сайлау заңы бойынша, депутат болғысы келетін адам тек партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелу мүмкіндігі жойылған.

Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Адал» (бұрынғы «Бірлік»), «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» (бұрынғы «Қазақстан коммунистік халық партиясы») мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Ең жасы 25-те. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш өтіп отырған парламент сайлауы. Дегенмен сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз болады деп болжайды. Құқық қорғаушылар сайлау қарсаңында аймақтарда белсенділерді қудалау үдегенін хабарлаған.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету