Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше адамды ұстап, қайта босатты
12 маусымда кешке 19.30-да Нұр-Сұлтанда пполиция «Бәйтерек» монументі алдында кем дегенде бес адамды ұстап, 20 минуттан кейін босатты. Бұл туралы сол маңда жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.
Тілші сол маңнан полиция бір адамды көтеріп, автобусқа қарай әкетіп бара жатқанын көрген.
«Бәйтерек» маңында полиция мен арнайы жасақ көп. Азаттық тілшісі кинологиялық қызметті де байқаған. Осы күні кешкісін Алматыда полиция кем дегенде жүз адамды ұстады.
12 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте қауіпсіздік шаралары күшейіп, көшеде полиция қарасы көбейген. Алматы тұрғындарының біразы басшылықтары жұмыстан ертерек қайтарғанын, балабақшадан балаларын ерте алып кеткендерін айтып жатыр. Кейбір тұрғындар қалада дүкендер, дәріханалар мен сауда орталықтары жабылғанын айтады.
Елде тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 12 маусымда азаматтарды Алматыда шеруге шығуға шақырған.
12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Тоқаевты ұлықтау рәсімі елде билікке қарсы азаматтардың наразылығы күшейген тұста болды. Осы күні бас прокуратура бейбіт митинг туралы заң ережесін бұзғандар жауапқа тартылатынын кезекті рет рет ескертіп, мәлімдеме жасады.
Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 9 маусымда және сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланған келесі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын «тым азайтып көрсетті», ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.
Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9 және 10 маусымда азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен «азаматтардың құқығын жаппай бұзу» фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.
10 маусымда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың «өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр» деп мәлімдеді.