Нұр-Сұлтанда полиция Азаттық тілшісін ұстады
9 маусымда Нұр-Сұлтанда түскі сағат 14:00 шамасында қаладағы «Жастар сарайы» маңында митинг жасамақ болған азаматтарды полиция ұстады. Оқиға орнынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді де полиция ұстап, автобусқа отырғызған. Оларды қазір Есіл аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.
Сәния Тойкеннің хабарлауынша, бүгін түсте Жастар сарайы маңына жиналған жүзге тарта азамат сайлаудың әділетсіз өтіп жатқанын айтып, қарсылық білдірген. Олар елде атом электр станциясын салмауды, Қытаймен қарым-қатынасты шектеу мәселерін көтерген. Полиция оларды бірден ұстай бастаған. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар жарияланып жатыр. Онда қалқан көтеріп, арнайы киім киген жасақтардың көшеде жүгіріп бара жатқаны көрінеді.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.
ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
(Жаңалық толықтырылады).