Нұр-Сұлтанда өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео

0

Күн сайын қала аумағын өңдеуге 500-ден астам адам шығады, дезинфекция жұмыстарына қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдайлар департаментінің техникасы жұмылдырылған

НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Өрт сөндірушілер елорда көшелерін дезинфекциялау шараларына кірісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаланың төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Күні кеше жеті техникадан құралған колонна Республика даңғылымен жүріп өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, әрбір машинада 5-8 тонна дезинфекцилық ерітінді бар. Оны 6 метр биіктікке дейін шашуға болады. Бұдан бөлек, көліктер жан-жағына және артына химиялық реагентті шашып өтеді.

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, қалада ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған арнайы техника жұмылдырылды, соның ішінде қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдайлар департаментінің техникасы бар. Күн сайын қала аумағын өңдеуге 500-ден астам адам шығады. Дезинфекциялау шараларына әскери қызметкерлер мен әскерге шақырылғандар да қатысады.

«Арнайы техниканың көмегімен арнайы ерітіндіні шашып, қаланы өңдеп жатырмыз. Биіктігі 7 метрге дейін жетеді, инфекциямен айтарлықтай жақсы күресуге мүмкіндік береді. Себебі инфекция металл құрылымдарда, ағаштарда және тағы басқа жерлерде кездеседі», — деді қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.

Бүгінде 2800-ден астам тұрғын үй кешені үшінші рет өңделіп жатыр. Дезинфекция жұмыстары жеке секторда да жүргізілуде.



sputniknews.kz