Нұр-Сұлтанда мектеп «линейкасын» ашқан қыз көз жұмды
Қысқа сілтеме алу
Он алтыншы қабаттан секіріп кеткен 16 жасар қыздың өлім алдындағы хаты табылды. Онда ол «өлгім келеді, өлгім келеді» деп бірнеше мәрте жазған
НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 16 жасар қыз 16-қабаттан секіріп, мерт болды. Оқушының сыныптастарының айтуынша, трагедияға отбасындағы жағдайлар себеп болуы мүмкін.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жеткіншектің өзімен бірге өлім алдындағы хаты да болған. Қыз бала онда «өлгім келеді, өлгім келеді» деп бірнеше мәрте жазған екен. Ал өрімдей қызды бұл әрекетке не итермелегенін енді елордалық полиция департаментінің мамандары анықтайды, деп хабарлады Almaty.tv.
Тәртіп сақшылары ата-анасынан бөлек, өзіне қол жұмсаған оқушының ұстаздары, сыныптастары, тіпті мектептегі психолог маманның да сұралатынын жеткізді.
«Кәмелетке толмаған қыздың құлап кету фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті ҚР қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Оқиға орнынан қыздың хаты табылды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», — деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира Шауленова.
Тағы оқыңыз: Хат жазып қалдырған. Талғарда оқушы өз-өзіне қол салды
Өзіне қол жұмсаған оқушы елордадағы №1 мектеп-лицейінің 11-сыныбында оқыған. Мектеп басшылығы қандай да бір сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Көз жұмған қыздың сыныптастары болған сұмдыққа әлі де сене алар емес. Әбден абдыраған күйде. Көздерінде жас, көңілдерінде мұң.
«Ол өте тәрбиелі, өте байсалды болды. Жауапкершілігі жоғары еді, мұғалімдерге көмектесетін. Бірінші қыркүйекте салтанатты сап түзеу шарасын (линейка) ашып, сөз сөйледі. Шыны керек, бәріміз есеңгіреп қалдық», — дейді сыныптасы Әмина Есіркепова.
Оның қандай күйде жүргенін бәрі көрген. Алайда, еш шара қолданбаған.
«Өте белсенді қыз болатын. Бірақ соңғы кездері қатты өзгерді, күңіреніп жүрді. Мектепке келгісі келмейтін, сабақтан жиі қалатын. Бізге отбасымда қиындықтар бар деп еді. Енді міне осындай қайғылы жағдаймен аяқталды», — деп мұңайды Әмина Есіркепова.
sputniknews.kz